Елге қызмет

Нұрсұлтан Бекінов: Мемлекеттік қызметші болудың басты шарты – мінсіз бедел

23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі елге қызмет етіп, мемлекетіміздің саясатын өрге сүйреу сияқты мәртебелі міндетті атқарып жүргенгендердің бірі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры Нұрсұлтан Бекіновпен сұхбаттасқан болатын. Ол мемлекеттік қызметтің негізгі мәнін және абыройлы қызметші болудың алғышарттарын айтып берді.

- Нұрсұлтан Берікұлы, әуелі мемлекеттік қызметке қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз...

- Мен 2015 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде University of Wollongong in Dubai атты жоғары оқу орнында «бизнес әкімшілендіру» мамандығын тәмамдадым.

2016 жылы мемлекеттік қызметке алғаш келіп, 2 жыл тәжірибе жинап, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «мемлекеттік саясат магистрі» бойынша оқудан өттім.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында жастар үшін әлеуметтік лифт ретінде Президенттік жастар кадр резервін құру бастамасын жариялаған кезде, мен «осы резервке өтуім керек» деп өзім-өзіме мақсат қойдым.

Нәтижесінде 13 мыңнан астам жас әрі дарынды жастармен бәсекеге түсіп, алғашқы 300 резервшілердің қатарына қосылдым.

Әрине, бұл жобаның әсері көп күттірген жоқ. 2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте бас сарапшы лауазымынан директордың орынбасары лауазымына ілгеріледім, кейін Алматы облысы бойынша департаментте басшының бірінші орынбасары болдым.

Резервтің арқасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы маған үміт артып, Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры лауазымын ұсынды. Бір жарым жыл бойы 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамытудың тұжырымдамасын әзірлеуге қатыстым, Агенттіктің халықаралық қызметін үйлестірдім.

Маусым айынан бастап мен Президенттік жастар кадр резерві мәселелерін үйлестіретін Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің басшысы болып жұмыс істеймін.

Өзім осы жолдан өткен соң, бұл бағытта жаңа идеялар мен серпін беремін деп ойлаймын.

Мемлекеттік қызмет, аты айтып тұрғандай, жауапкершілігі мол қызмет. Осы қызметті таңдауыңызға не әсер еткеніне де тоқталып кетсеңіз... 

- Менің саналы балалық шағым Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған жаңа Астананың қалыптасу кезеңіне тұспа-тұс келді. Сол жылдары қаламызда зәулім әкімшілік ғимараттар салынған болатын. Соның бірі – Парламенттің алғашқы ғимараты.

Бала кезімде осы ғимараттың суретін көп салған болатынмын. Нәтижесінде, 2016 жылы алғаш мемлекеттік қызметке келген кезде осы ғимараттың табалдырығын аттап, мемлекеттік қызмет саласындаға уәкілетті органның маманы болып бастап, қазір де осында директор лауазымында жұмысымды жалғастырып отырмын.

Шын мәнінде, мемлекеттік қызметке келуімнің себебі – әкемнің үлгісі. Ол қоғам игілігіне және елдегі заң мен тәртіпті сақтау саласында қызмет етіп, зейнетке шықты. Әкем мен үшін әрдайым еңбекқорлықтың, адалдықтың және жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылады. Оның өмірлік ұстанымдары мен қарапайым, бірақ нық әрекеттері маған үлкен әсер етті. Сол кісі мені мемлекеттік қызмет жолына жетеледі.

Нәтижесінде мен үшін мемлекеттік қызмет жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен миссияға айналды.

Мемлекеттік қызметші болудың шарттары қандай? Көптеген үміткер осы үдеден шыға алмай жатады ғой, мемлекеттік қызметші болу үшін қандай білім-білік қажет? Адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

- Иә, аталған бағыт мен басқарып жатқан департаменттің тікелей құзыретіне жататын сұрақтар.

Мемлекеттік қызметші болудың шарттары – мемлекеттік лауазымның талаптарына сай келетін жеке және кәсіби қасиеттерінің, денсаулық жағдайының, білім деңгейінің болуы. Бастысы, әрине, – мінсіз бедел.

Кезінде, мемлекеттік қызметтің жабықтығы туралы талай стереотиптер болған. Алайда, қазіргі таңда қызметтік және позициялық элементтерден тұратын мемлекеттік қызметтің гибридті моделі қалыптаса отырып, мемлекеттік аппараттың есігі сыртқы ортадан шыққан жоғары білікті мамандарға ашылды.

Ірітеудің кезеңдері «е-Қызмет» жүйесі арқылы цифрландырылды, бұл – мемлекеттік қызметке қабылдауды 24/7 режимінде өткізіп, үміткерлерді артық құжат жинау қажеттілігінен босатты. Цифрлық формат үміткердің кәсіби деңгейін ғана емес, сонымен қатар тұлғалық қасиеттерін де бағалауды күшейтті.

Расында да, бұл кезеңдерден өту біраз дайындықты қажет етеді. Бірақ талаптанған адамға ештеңе тосқауыл бола алмайды. Ол үшін ең алдымен адамда жауапкершілік, адалдық, сабырлылық, шешім қабылдай білу, командамен жұмыс істей алу қабілеті, халықпен дұрыс қарым-қатынас орната білу сияқты қасиеттер болуы керек.

Мемлекеттік қызметшінің жан-жақты білімді болуы шарт. Ол заңнаманы білумен қатар оны дұрыс қолдана алуы, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарынан хабардар болуы тиіс. Сонымен қатар, цифрлық сауаттылық, басқару дағдылары, қарым-қатынас мәдениеті де аса маңызды. Мемлекеттік қызметші – бұл үнемі дамып, үйреніп отыратын тұлға.

Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік қызметшінің имиджі қандай деп ойлайсыз? Жалпы, қандай болуы тиіс?

- Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қабылданып жатқан реформалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметшінің имиджі біртіндеп жаңарып, сенім мен кәсібилікке негізделген жаңа келбетке ие болуда.

Осы тұрғыда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік қызметшілердің тыңдай білу мен тиімді кері байланыс орната алу қабілетін талап етеді.

Мемлекеттік қызметші – қоғамның жіті бақылауындағы тұлға. Оның әрбір сөзі мен әрекеті азаматтардың назарында, өйткені ол мемлекеттің атынан қызмет етіп, халықтың сенімін арқалап отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметші үшін ашықтық, әділдік, жауапкершілік және этика нормаларын сақтау кәсіби міндет қана емес, азаматтық парыз.

Ол қоғамға өзінің білімімен ғана қызмет етіп қоймай, адамшылық тұрғысынан басқалар бой түзейтін өнеге болуға тиіс.

Мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбетіне де, ішкі ұстанымдарына да сыни көзқарас көп болатыны анық. Бұл жағынан, қандай талаптар қойылады? Осыны күнделікті ұстанып жүру қиын ба? Тіпті, киіну, сөйлеу мәдениетін ұстанудың өзіндік ережелері бар болар... 

- Иә, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар жоғары – бұл заңмен де, қоғамның күтілімімен де бекітілген.

Сыртқы келбет таза, ұқыпты, іскер стильде болуы керек. Сөйлеген сөзі – мәдениетті, нақты, жұртқа түсінікті.

Бұл талаптарды орындау – күнделікті тәртіп пен ішкі мәдениеттің көрінісі. Егер өз ісіңді сүйіп атқарсаң, аталған талаптар қиын емес.

Қажетті заңнамалардан және ел өміріндегі жаңалықтардан хабардар болып отырудан бөлек, кітап, басылымдардан нені оқисыз?

- Мемлекеттік қызмет өзін-өзі үнемі жетілдіруге, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге ұмтылатын адамдар үшін үлкен мектеп болып табылады.

Осы тұрғыдан, оқу және дағдыларды арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерге үлкен мүмкіндіктер ұсынылып отыр.

Мысалы, заң жүзінде кемінде 3 жылда 1 рет біліктілікті арттыру семинарларын өту мүмкіндігі берілген. Онымен қоса, алғаш рет мемлекеттік қызметке келгенде және алғаш рет басшылық лауазымға тағайындалғанда қайта даярлау курстарын оқу қажет.

Мен де аталған семинарлар мен курстардан өткен болатынмын. Жобалық менеджмент, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, стратегиялық жоспарлау секілді курстардан сертификаттарым бар.

Қазіргі таңда, күнделікті заңнамалар мен мемлекеттік саясатқа қатысты құжаттардан бөлек, тарихи кітаптарды оқығанды ұнатамын. Көшпенділер өркениетінің қайталанбас болмысы, еркіндікті ту еткен бабаларымыздың ерлігі мен даналығы мені ерекше қызықтырады.

Тарихты тану арқылы мен өзімнің кім екенімді, қандай құндылықтарға сүйеніп өмір сүруім керектігін ұғынамын.

Сіздіңше, мемлекеттік қызметшіге психологияны білу маңызды ма? Өйткені халықпен қарым-қатынаста әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін ғой, мәселен, біреу ашынып, ашуланып келуі мүмкін дегендей... Ал сондай стреске толы күні мемлекеттік қызметші әдетте өзін қалай жігерлендіреді?

- Психологиялық білім – мемлекеттік қызметші үшін аса маңызды.

Өйткені біз адамдармен жұмыс істейміз, ал әр адамның жағдайы мен көңіл-күйі әртүрлі. Осындай сәттерде сабыр, өзін-өзі бақылау, эмпатия үлкен рөл атқарады.

Бұл қасиеттерді дамыту мемлекеттік қызметтегі басты дағдылардың қатарында деп ойлаймын.

Ал адалдық – мемлекеттік қызметтің өзегі. Адал қызметші ғана қоғамның сеніміне ие бола алады.

Өз басым, күрделі, стреске толы күндерде отбасыммен уақыт өткізу және таза ауада серуендеу арқылы өзімді қайта жігерлендіремін. Менің басты «антистрессім» – ұлым.

Қазір мемлекеттік қызметшілер қандай концепциямен жұмыс істеп жатыр?

- Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті стратегиялық құжат – бұл 2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы.

Ол азаматтардың сұраныстарына және қажеттіліктеріне жауап беретін сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды одан әрі заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді көздейді.

Онымен қоса, халықпен ашық диалог, тиімді кері байланыс, нақты нәтиже және сенімге негізделген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын атап өткен жөн. Бұл жаңа басқару мәдениетін қалыптастырды.

Мемлекеттік қызметшінің алдындағы басты мақсат, негізгі миссия не деп ойлайсыз?

- Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты елге адал қызмет ету, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосу.

Бұл – жай ғана кәсіби міндет емес, бұл – үлкен қоғамдық жауапкершілік.

Әр қабылданған шешімнің артында адамның тағдыры тұруы мүмкін екенін түсінуіміз керек. Сондықтан біздің миссия – сенімді, әділетті, тиімді қызмет көрсету.

Қалай ойлайсыз, қазір жастар мемлекеттік қызметке қызығушылық таныта ма? Олар осы салаға көбірек бет бұруы үшін не істеу керек? Аталған қызметтің қандай перспективалары бар?

- Қазіргі жастардың арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылық артып келе жатыр. Олар жаңа көзқарас, жаңа энергия әкеледі деп сенемін.

Өз отбасымда да осы жолды жалғастырғысы келетін ұл-қыздар бар.

Жастардың мемлекеттік қызметке келуі үшін біз ашықтықты, әділ іріктеуді және нақты кәсіби өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуіміз керек.

- Сұхбатыңызға үлкен рақмет!