Экономика

Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру бойынша меморандум жасалды

Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Құс өсірушілер одағы, Жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және Сауда желілері одағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын іске асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Меморандумның негізі – тараптардың баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге деген өзара мүдделілігі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Қол қойылған меморандум аясында Құс өсірушілер одағы мен Қауымдастық құс фабрикаларының қоймалары мен фирмалық дүкендерінде сатылым бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

«Сауда желілері одағы заңнама талаптарына сәйкес сауда үстемесі мөлшерін сақтауды қамтамасыз етеді және осы санаттағы жұмыртқаларды сатудан сыйақы талап етпейді», - делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті өндірушілерді қорғау мақсатында жұмыртқа импортына шектеу енгізу мәселесін қарастырып, Сауда және интеграция министрлігімен бірге заңсыз импорттық жұмыртқалардың нарыққа шықпауын, оларды айналымнан алу жөнінде бақылау шараларын қабылдайды.

Сауда және интеграция министрлігі меморандум аясында баға мониторингін жүргізіп, оның шарттарының орындалуын бақылайды.