Экономика

Техникалық қарасора өндірісі: министр оның қай өңірде өсірілетінін айтты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда техникалық қарасораны өсіру үшін Ішкі істер министрлігіне 4 лицензия берілген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл өндіріспен қазіргі уақытта бір ғана компания айналысуға ниет білдіріп отыр. Қарасора Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов ауданында өсіріледі.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, техникалық қарасорада психобелсенді зат – тетрагидроканнабинол (ТГК) мөлшері өте төмен немесе мүлде болмайды. Сонымен қатар өнім мемлекеттік органдардың бақылауында болады.

«Өсіру процесі кезінде ішкі істер органдары тарапынан бақылау жүргізіледі – қарасорадан кездейсоқ тәртіппен сынамалар алынады. Егер заңға қайшы жағдай анықталса, өнім жойылады. Мемлекет тарапынан төрт деңгейлі бақылау қарастырылған», – деді вице-министр Азат Сұлтанов.