Экономика

Отандық 34 кәсіпорын жұмысшыларына 910 млн теңге жалақы берешек

Республика бойынша 34 кәсіпорынның жұмысшыларға жалақы бойынша берешегі бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді, деп хабарлады Elorda info.

«Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 940 кәсіпорны 6,3 млрд теңгеден астам сомаға 24 мың жұмыскерге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 5,4 млрд теңге төленді. Бүгінгі күні республиканың 34 кәсіпорнының 1,9 мыңнан астам жұмыскер алдындағы жалақы бойынша қалдық берешегі 910,3 млн теңгені құрайды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Оспанқұлов жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында тәуекел аймағындағы кәсіпорындардағы жағдай әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында жүйелі түрде қаралатынын атап өтті.

 Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегін төлеуі туралы нұсқамасының орындалуға міндетті құжаттың күші болады.