Олжас Бектенов орта бизнестің экономикадағы үлесі туралы айтты
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналисттердің сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Президент 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15%-ға жеткізу туралы тапсырмасы туралы сөз болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің үлесі біздің жалпы ішкі өнімнің 39%-ын құрап отыр. Ал оның ішінде, шағын бизнестің үлесі 32%-ға, орта бизнестің үлесі 7%-ға жетті.
«15%-ға дейін жеткізу міндеті бар. Ол үшін мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Оның бәрін іске асырамыз. Мен жаңа «Бәйтерек» холдингі туралы айтып өттім. Сол сияқты біз «Даму» қоры жанынан екі кепілдік беретін қор құрдық. Ол да өзінің оң әсерін береді деп ойлаймыз. Бірақ бұл өте күрделі және өте маңызды мәселе. Егер біз орта бизнестің тиісті үлесін қамтамасыз етсек, ол жалпы экономикалық өсімге, экономикамыздың тұрақтылығына өте жақсы әсер етеді деп ойлаймыз. Сондықтан Үкімет, жергілікті атқарушы органдар осы міндетті іске асыру үшін уақтылы жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Үкімет газ саласына инвестициялар тартуды ынталандыру және газдандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде
Президенттің елді толық газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет түрлі мүмкінедіктерді қарастыруда, оның ішінде өзіміздің газ ресурстарын пайдалану, сондай-ақ шектес мемлекеттерден газ импорттау шаралары да бар. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының екінші, үшінші және төртінші кезеңдерін салуды жалғастыру жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыру үшін қуаттылығы жылына 15 млрд текше метр болатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу қарастырылып отыр. Бүгінгінде қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейін жететін, үш жаңа компрессорлық стансасы бар ұзындығы 1 450 шақырымдық газ құбырының желілік бөлігін салуды көздейтін бірінші кезең бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, Үкімет Солтүстік және шығыс аймақтар үшін көрші елдерден газ импорты бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.
Олжас Бектенов газ саласын одан әрі дамыту теңдестірілген және экономикалық негізделген тарифтік саясатты қалыптастырып алмай мүмкін емес екенін атап өтті.
«Біздің ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік нарықтан әлдеқайда арзан, сондықтан біз бірқалыпты, бұрмаланбаған жағдай туғызу мақсатында бағаны біртіндеп көтерілуін қадағалайтын боламыз. Сонда газ саласы инвестициялық тартымды болып, дамитын болады»,- деп атап өтті Премьер-министр.
Цифрлық теңге Ұлттық қор мен бюджеттен бөлінетін қаражатқа ашық қадағалау жүргізуге мүмкіндік береді.
Үкімет бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуде. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов журналистермен өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде бюджеттік процестерге цифрлық теңге енгізілуде. Бүгінгі таңда айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылды. Платформа әзір тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануда, жыл соңына дейін оны толыққанды іске қосу жоспарлануда.
«Жақын арада бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны анықтап, оларды "цифрлық теңге" жобасына енгізу қажет, сол кезде біз әрбір теңгенің қайда кеткенін ашық көретін боламыз. Менің жеке өзім бюджет қаражатын игеру процесін цифрландыруға үлкен үмітім бар. Бұл бізге ақшаны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді»,-деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр «цифрлық теңге» жобасына енгізілуі мүмкін бірқатар инфрақұрылымдық бастамаларды атады.
«Бізде Ұлттық қор есебінен көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл "Бақты – Аягөз" теміржол желісінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жобаны "цифрлық теңге« арқылы қаржыландыруға қосуды ойлап отымыз. Содан кейін "Орталық-Батыс" автомобиль жолын саламыз, бұл жобаны да қосамыз. Осындай маңызды жобалардан бастау керек, өйткені ол жерлерде қыруар қаражат игеріліп жатыр. Сол себеп біз олардың ашық және тек мақсатты түрде жұмсалуына мүдделіміз», - деп атап өтті Премьер-министр.
Қазіргі уақытта Цифрлық теңге бірнеше бағыт бойынша қолданылуда. Атап айтқанда, цифрлық ҚҚС салықты қайтару мерзімін 75-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау «Павлодар – Атырау» және «Мұқыр – Құлсары» жобаларының мысалында сыналды.
Цифрлық теңгені енгізу басқа бағыттарда да пысықталуда. Олар - жылжымайтын мүлікпен және автокөлікпен жасалатын мәмілелер, мектептегі тамақтану, қымбат тауарларды сатып алу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік кредиттеу құралдары.