Экономика

Несиені ұзақмерзімді әрі құндылығы бар мақсаттарға алу керек – экономист

Қаржылық сауаттық  - табысты өмір сүрудің негізі. Экономист Рауан Ергалиев барынша тиімді несие рәсімдеуде баса назар аударатын критерийлер, қаржылай сауатты адамның ерекшеліктерін сондай-ақ жеке бюджетті тиімді басқарудың жолдарын айтып берді.

Экономист несиені алғаш рет алайын деп тұрған азаматтар келісімшартта қандай пунктерге база назар аудару қажеттігін айтты.

«Егер азамат алғаш рет несие алғалы отырса, ең әуелі келісімшарттың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне назар аударған дұрыс, себебі ол тек пайыздық мөлшерлемені ғана емес, барлық комиссиялар мен қосымша шығындарды қамтиды. Сондай-ақ төлем кестесі, айыппұлдар мен өсімпұл шарттары, сақтандыру және қосымша қызмет төлемдері секілді тармақтарды қарап шығу маңызды. Ерте жабу кезінде қандай талап қойылатынын да алдын ала білу қажет, өйткені ол да болашақтағы қаржылық шешімдерге әсер етеді», - деді ол.

Фото: ЖИ иллюстрациясы

Оның айтуынша, барынша тиімді несие рәсімдеу үшін ең әцелі өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды бағалап алыңыз. Әсіресе табысыңыз бен шығыныңызды есептеп, ай сайынғы төлемге шын мәнінде қаншалықты дайын екеніңізді түсіну өте маңызды.

«Одан кейін әр банк ұсынатын шарттарды салыстырып, онлайн калькуляторлар арқылы болашақтағы нақты жүктемені алдын ала көруге болады. Қазір барлық ақпарат интернетте қолжетімді, сондықтан өзіңізге қолайлы деген үш-төрт ұсынысты іріктеп алып, банк менеджерлерімен тікелей сөйлескен дұрыс. Сонымен қатар несие тарихыңызды тексеріп, қажет болса оны жақсартуға да уақыт бөлу артық етпейді», - деді экономист.

Кейде азаматтардың несиесін жабатын қаражаты болмай қалады. Осы орайда спикер азаматтарға пайдалы кеңесін айтты.

«Көп жағдайда несие жоспарға сәйкес ай сайынғы төлемдермен жабылады, алайда несие жабудың басқа да жолдары бар. Егер қаржылық жағдайыңыз жақсарса, несиені мерзімінен бұрын жабуға болады немесе басқа банкке ауыстырып, төмен пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар. Кейде банкпен келісіп, реструктуризация жасауға, яғни төлем мерзімін ұзартуға немесе шарттарды өзгертуге болады. Ал қаражат мүлде болмай қалған жағдайда ең бастысы – банктен жасырмай, ресми түрде жеңілдік немесе төлемді уақытша тоқтату туралы келіссөз жүргізу қажет», - деді сарапшы.

Фото: ЖИ иллюстрациясы

Сөз арасында спикер қаржылай сауатты адам ең алдымен өз табысы мен шығынын жоспарлап, бюджетін бақылай алатынын айтты. Рауан Ергалиев пікірінше, мұндай азаматтар қарызды табысына қарай алып, артық қарызға кірмейді, сондай-ақ олар  қаржылық қор қалыптастырады, яғни бірнеше айлық шығын көлемінде резерв ұстайды. Бұл белгілер оның қаржыға деген жауапкершілігін көрсетеді.

Кейде азаматтар арасынан «ертең бәрі қымбаттайды, қазір қарызға бәрін алып ал» дейтін сөзді жиі естиміз. Қаржыгер ретінде бұл ойға оның  білген едік.

 «Ертең бәрі қымбаттайды» деген ойдың астарында шынымен де инфляциялық күтулер жатыр. Адамдар тауардың бағасы өседі деп сенсе, алдын ала жаппай сатып ала бастайды. Бұл сұранысты күрт көбейтіп, нәтижесінде баға шын мәнінде қымбаттайды. Мысалы, «қант қымбаттайды» деген сыбыс тараса, халық бірден қантты көптеп сатып алып қояды, дүкен сөрелері босап, тапшылық жасанды түрде туындайды. Сұраныс пен ұсыныс теңгерімі бұзылғанда бағаның өсуі сөзсіз болады. Яғни адамдардың инфляциядан қорғану әрекеті керісінше инфляцияны күшейтіп жібереді», - деді олү

Рауан Ергалиевтің айтуынша, қаржылай сауатты адам мұндай жағдайда дүрбелеңге ермейді. Ол бағаның ұзақ мерзімді трендін, өзінің нақты қажеттілігін және шығындарын ескереді.

«Егер тауар расымен күнделікті тұтынатын қажетті зат болса, оны әдеттегі көлемде ғана сатып алады. Ал «қазір алып алайын, ертең қымбаттайды» деген оймен артығын қор жасау – бұл ақшаңызды «қорқынышпен басқару» деген сөз. Мұндай мінез-құлық жеке бюджетке де, жалпы экономикаға да зиян», - деді спикер.

Бүгінде несие алу бір мезетте әрі қажеттілік, әрі әдетке айналып отыр. Мұндай пікірді елордалық экономист Рауан Ергалиев айтып отыр.

«Қажеттілік ретінде оны тұрғын үй, білім алу немесе бизнеске салынатын ұзақмерзімді инвестициялардан көреміз — мұндай жағдайда қарыз адамның өмір сапасын арттыруға немесе табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Ал екінші жағынан, несие көпшілік үшін әдетке айналып кетті: адамдар тұрмыстық техника, смартфон, киім немесе тіпті демалыс сияқты күнделікті тұтыну тауарларын да қарызға ала береді. Бұл — қаржылық жоспарлаудың жоқтығы мен жеңіл қолжетімді несиелердің нәтижесі. Сондықтан мәселенің түйіні несие алудың өзінде емес, оның мақсаты мен салдарында жатыр: қаржылай сауатты адам үшін несие — тек қажеттілікке алынатын құрал, ал қаржылық тәртіпсіздік кезінде ол қауіпті әдетке айналады», - деді ол.

Ол бүгінде несиесін уақытылы төлей алмай жүргендерге қатысты пікірін айтты.

«Қазіргі таңда елде 1,5 миллионға жуық адам несие төлей алмай жүр, бұл – алаңдатарлық жағдай. Оның алдын алу үшін азаматтар тарапынан қаржылық жоспарлау, шығынды табысқа бейімдеу және қаржы қорының болуы қажет. Ал банктер клиенттің табысын мұқият тексеріп, қарыз жүктемесінің белгілі бір шектен аспауына назар аударуы тиіс. Қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламалары да көпшілікке көмектесер еді. Несие шарттарын жеңілдету емес, керісінше олардың қолжетімділігін дұрыс бақылау әлдеқайда маңызды», - деді экономист.

Сөз арасында спикерге «Балаларды қарыз бен кредитке жоламайтындай етіп тәрбиелеудің тәсілі бар ма?» деген сауал қойдық.

«Баланы қарызға тәуелді етпей тәрбиелеудің түп негізі – оған ерте бастан қаржы мәдениетін үйрету. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланың ақшаға деген көзқарасы алдымен ата-ананың үлгісінен қалыптасады. Егер ата-ана қаржыны орнымен жұмсап, шығынын жоспарлап, несиені тек қажетті жағдайда ғана пайдаланса, бала да сол әдетті қабылдайды. Сондықтан басты мақсат – баланы «несие алмасын» деп шектеу емес, керісінше несие деген құралды дұрыс қолдануды түсіндіру. Сонымен қатар, балаңызға ұсақ ақша беріп, оны жоспарлауға үйрету, «қажет пе, әлде қалау ма?» деген сұрақты әрбір сатып алудың алдында қоюға дағдыландыру тиімді. Ең маңыздысы – ата-ананың өз әрекеті: егер олар қаржыны сауатты басқарса, бала да сол дағдыны бойына сіңіреді», - деді Рауан Ергалиев.

Оның айтуынша, бүгінде қаржылық қиындықтың негізгі себептерінің біріне жоспардың болмауы мен артық шығындар жатады.

«Көп адам айлық табысы келген бойда ақшаны қайда жұмсайтынын ойламай, жоспарсыз таратқандықтан, ай ортасына жетпей қиналып қалады. Жиі кездесетін қателердің қатарында несие картасын бақылаусыз пайдалану, «қазір керек» деген оймен ойланбай сатып алу, төтенше жағдайға қаржылық қордың болмауы бар. Мұндай әдеттер уақыт өте қарызға тәуелділікке әкеліп соқтырады. Бұдан құтылудың жолы – қарапайым, бірақ жүйелі тәсілдерді қолдану. Мысалы, «4 конверт әдісі»: айлық табысыңызды төрт бөлікке бөліп, әр конвертке белгілі бір мақсатқа арналған соманы салып қоюға болады. Бұл артық шығыннан сақтайды және әр бағыттағы ақшаның қайда кеткенін нақты көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығындарды күнделікті жазып отыру да маңызды: бұл қарапайым дәптер немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жүзеге асады. Бірнеше аптадан соң қай салаға артық шығын кететінін көріп, оны қысқартуға болады. Сонымен бірге қаржылық резерв құрып, күтпеген жағдайларға арналған «қауіпсіздік қорын» қалыптастыру да қаржылық тұрақтылыққа әкеледі. Яғни бастысы – ақшаға жауапкершілікпен қарау, табыс пен шығынды саналы түрде бақылау», - деді астаналық экономист.

Фото: ЖИ иллюстрациясы

Ол бүгінгі таңда халық көп алданатын алаяқтықтың ең көп тараған түріне телефон арқылы өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желідегі фейк парақшалардан «оңай табыс» ұсыну және фишингтік сілтемелер.

«Мұндай тұзақтан қорғанудың ең сенімді жолы – жеке деректерді ешкімге бермеу, күмәнді қоңырауларға сенбеу және тек ресми қосымшаларды қолдану. Қазіргі күні алаяқтардан қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі ол Еgov мобильді қосымшасы арқылы «стоп-кредит» қызметін рәсімдеу. Бұл – адамның өз еркімен несие алудан бас тартуы. Яғни сіз өтініш берсеңіз, ешбір банк сіздің атыңызға қарыз рәсімдей алмайды. Бұл әсіресе алаяқтардың ЖСН мен басқа деректерді пайдаланып, аты-жөніңізге онлайн несие алып қоюының алдын алатын тиімді тәсіл», - деді маман.

Сөз соңында ол қаржылай сауатты болу үшін пайдалы кеңестер айтты.

«Қаржылай сауатты болу үшін ең алдымен табысыңыз бен шығыныңызды жүйелі түрде бақылап отыру керек. Бұл қарапайым қадам болғанымен, қайда артық шығындалып жатқаныңызды анық көруге көмектеседі. Күтпеген жағдайға дайын болу үшін кемінде үш айлық шығын көлемінде қаржылық «қор» жинап қойған жөн. Сондай-ақ нақты мақсаттар қою маңызды: мысалы, үйге алғашқы жарна жинау, баланың оқуына қаражат бөлу. Инвестицияны ерте бастаған абзал, өйткені уақыт – қаржы әлеміндегі ең үлкен артықшылық. Бұдан бөлек, қарызға деген көзқарасты да дұрыс қалыптастыру қажет: несие мүлдем жаман нәрсе емес, бірақ оны тек ұзақмерзімді әрі құндылығы бар мақсаттарға ғана алу керек. Ал күнделікті тұтынуға арналған қарыздардан қашқан дұрыс. Сақтандыру да маңызды рөл атқарады, себебі ол күтпеген үлкен шығыннан қорғайды. Ең соңында айтарым – қаржылық сауаттылық бір рет үйреніп қоятын дағды емес, оны үнемі дамытып отыру қажет. Кітап оқу, онлайн-курстарға қатысу немесе арнайы қосымшаларды пайдалану арқылы білімді толықтырған сайын сіздің қаржылық шешімдеріңіз де сенімді бола түседі», - деп сөзін түйіндеді Рауан Ергалиев.