Экономика

Өндірістік қуаты 2 млн тонна: елімізде ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салынады

Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Болашақта ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт Орта Азиядағы жаңа буынды «жасыл» ірі металлургиялық нысандарының біріне айналады. Мұнда металдығы 93%, құрамындағы темір үлесі 90 пайыздан жоғары өнім алу көзделіп отыр. Нәтижесінде Қазақстан жаһандық болат құю нарығына шығып, бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрін ұсына алады.

Eurasian Resources Group (ERG) PrimetalsTechnologies Austria GmbH (Аустрия) және MidrexTechnologies Inc. (АҚШ) компанияларының консорциумымен стратегиялық келісімшарт жасасты. Келісімшарт зауыт құрылысының жобасы аясында егжей-тегжейлі инжиниринг, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу және бірқатар қызметті көрсетуді көздеп отыр», - делінген хабарламада.

Жобаны Midrex процесі бойынша темірді тікелей қалпына келтірудің озық технологияларына сүйене отырып, іске асыру жоспарланған.

Министрліктің мәліметінше, бұрынғы дәстүрлі домна өндірісінен гөрі бұл экологиялық тұрғыдан анағұрлым ұтымды. Кокстың орнына мұнда табиғи газ пайдаланылмақ. Зауыт «ССКӨБ» АҚ өндірген тотыққан темір кентастарын өңдеп, болашақ болат құю цехына ыстық биркеттелген өнім бере алады.

«Мемлекет басшысы Жолдауда терең өңделген, отандық және халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім өндірісі басым бағыт екенін атап көрсетті. Бүгін осы консорциуммен жасалған келісімшарт – Қазақстандағы металлургия саласын дамыту мен ондағы ERG-дің көшбасшылығын нығайта түсетін стратегиялық қадам», - деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, басатқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты жобасын Топтың еншілес кәсіпорны – «QazIronERG» ЖШС іске асырады. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 2 млн тонна. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі – 655 млрд теңге. Өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. 1 мыңнан аса жұмыс орны құрылмақ.

«MIDREX Flex шешімдері – кеннен темір өндірудің ең экологиялық таза технологиясы. Дәстүрлі әдіспен салыстыратын болсақ, ол көміртегі ізін 50% төмендетуге мүмкідік береді», - деді Primetals Technologies компаниясының вице-президенті әрі жаһандық Upstream құрылымының жетекшісі Андреас Фибек.