Мемлекеттік сатыпалым рәсімі: бюджетке 4,8 млрд теңге қайтарылды
Қаржы министрлігінің тексерісі кезінде 350 мыңнан аса мемлекеттік сатыпалым рәсімі қамтылып, 1,3 трлн теңге көлеміндегі бұзушылықтардың жолы кесілді. Нәтижесінде бюджетке 4,8 млрд теңге қайтарылды. Бұл туралы Жамбыл облысының тұрғындарымен онлайн форматта кездесу кезінде ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мынжасаров мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ведомство басшысы 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындылары жөнінде айтты. Оның сөзінше, комитет пен оның аумақтық департаменттері 905 тексеру жүргізіп, тексеру барысында 2 трлн теңгеден аса қаражат қамтылған. Тексеру азайғанына қарамастан 348,3 млрд теңге көлемінде кемшіліктер анықталған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 34% артқан.
Сонымен қатар камералды бақылаумен сомасы 12,4 трлн теңге болатын 350 мыңнан аса мемлекеттік сатыпалым рәсімі қамтылып, 1,3 трлн теңге көлеміндегі бұзушылықтардың жолы кесілді. Нәтижесінде 310,4 млрд теңгеге кемшіліктер жойылып, бюджетке 4,8 млрд теңге қайтарылды.
«Біз мемлекеттік аудитті цифрландыруды күшейтіп, заманауи талдау құралдарын енгізіп жатырмыз. Аудит процесін қоғам үшін ашық әрі түсінікті ету – біздің басты мақсатымыз», - деді Ержан Мынжасаров.
Бұдан бөлек ІМАК «Онлайн-бюджеттік мониторинг» құралын жолға қойды. Аталған жүйе әлеуметтік салада еңбекақы төлемдерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 1,4 млрд теңге көлемінде заңсыз төлемдер анықталып, олардың 63% бюджетке қайтарылған. Бұл амал тәуекелге негізделген тәсілді енгізудің тиімділігін көрсеткен.
Жаңа бастамалардың бірі – бюджет қаражатының бүкіл қозғалысын, яғни бағдарлама әкімшісінен бастап түпкілікті алушыға дейінгі жолын қамтитын «пирамида тәріздес аудит» әдісін енгізу. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында 22,8 млрд теңге көлемінде мақсатсыз шығыстар, оның ішінде аграрлық салаға тән емес бағытқа қаражаттар жұмсалғаны әшкереленген.
Ашық диалог түрінде өткен кездесуде жамбылдықтар өзекті сұрақтарын қойып, ІМАК басшысы заң аясында жауап берді.
Айта кетсек, Қаржы министрлігі халықпен ашық кездесулерді дәстүрлі түрде өткізіп келеді.