Мәжіліс 3 жылдық республикалық бюджетті бекітті: өңірлік дамуға қосымша 30 млрд теңге бөлінеді
Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы Заңды қабылдады. Құжат Бюджет кодексінің талаптарына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Парламенті төменгі палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кірістер шамамен 2026 жылы 19,2 трлн теңге, 2027 жылы 21,2 трлн теңге, 2028 жылы 23,2 трлн теңге деңгейінде болады. Шығыстар тиісінше 27,7 трлн, 28,7 трлн және 29,7 трлн теңгені құрап отыр. Бұл ретте Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын шамамен 2,8 трлн теңгені құрайды.
Бюджеттік саясаттың негізгі басымдығы Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық және уақтылы орындау, ғылымды, білім беруді, медицинаны қолдауды күшейту арқылы адами капиталды дамыту болып қала береді.
Сонымен қатар Мәжілісте заң жобасын қарау барысында депутаттар өңірлік дамуға арналған бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін түзетулер енгізуді ұсынды.
Бұл мақсаттарға Үкімет резерві есебінен қосымша 30 млрд теңге және мемлекеттік борышқа қызмет көрсету есебінен 16,5 млрд теңге бағытталды. Қаражат жылу, электр энергетикасын дамытуға, газ және сумен жабдықтауға, жағаны бекіту жұмыстарына бөлінеді.
Сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 трлн теңгені қайта бөлу жөнінде түзетулер енгізілді. Қаржы министрлігінің «Жаңа бастамаларға арналған шығыстар» бағдарламасы бойынша жоспарланған шығыстар бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында бөлінді. Болашақта бұл қаражат отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторды техникалық жаңғырту есебінен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталатын болады.