Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75% дейін төмендетті
Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті, деп хабарлады Elorda.info.
Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.
«Жылдық инфляция 2023 жылғы қазанда баяулап, 10,8%-ды құрады және алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне жақындап келеді. Айлық инфляция қазанда төмендеп, 0,7%-ды құрады. Баға өсімі қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуіне, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуіне, билік қабылдаған шараларға, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалына байланысты баяулап келеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталды. Алайда, олар таргеттен жоғары қалыптасып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кең ауқымына бағаның орнықты өсуін көрсетіп отыр», - деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жаһандық инфляция баяулау үрдісін жалғастырып келеді. Бірқатар елде, соның ішінде сауда-серіктес елдердің көбінде инфляцияның баяулау үрдісі сезіледі. Бұл ретте алдыңғы болжаммен салыстырғанда Ресейдегі инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның күшею тәуекелдері сақталып отыр. Ортамерзімді перспективада сауда-серіктес елдерде инфляция нысаналы мәндеріне жақындаған сайын проинфляциялық қысым әлсірейтін болады. ФАО азық-түлік бағасының индексі қант, дәнді дақылдар, өсімдік майлары мен ет бағасының арзандауы аясында төмендей бастады. Ұсыныстың маусымдық ұлғаюы есебінен дәнді дақылдар бағасы төмендейді деп күтіледі. Алайда 2023 жылдың аяғы мен 2024 жылдың басында Украинадан астық жеткізу көлемі төмендегендіктен, баға өседі деген күтулер бар. 2024 жылдың ортасынан бастап ұсыныстың ұлғаюына және логистикалық тізбектердің жақсаруына байланысты дәнді дақылдар бағасы біртіндеп төмендейді деп күтілуде.
Инфляцияның 2023 жылға арналған болжамы 9,3-10,3%-ға дейін жақсарды.
Жылдық инфляцияның қарқынды төмендеуі және оның 2023 жылдың соңына төменірек болжамдары базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. 2024 жылы инфляцияның одан әрі баяулауы кезінде Ұлттық Банк инфляцияны 5% мақсатқа қайтару және инфляциялық күтулерді тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажеттілігін ескере отырып, базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетудің орындылығын қарастырады. Сонымен қатар, деректерді жинақтау және тәуекелдер теңгерімін бақылау мақсатымен базалық мөлшерлемені өзгерту кезінде кідіріс болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.