Экономика

Келесі жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге бағытталады

2025 жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге қарастырылған. Басым бағыттардың қатарында агроөнеркәсіп кешені, көлік инфрақұрылымын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау саласы бар, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет АӨК дамытуға 635 млрд теңге бөледі. Осы бағыт шеңберінде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несие беруді іске асыру, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары табысын арттыру, СҚО тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларға несие беру, сондай-ақ АӨК-ті субсидиялау жоспарланған.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 568 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, 18 мың шақырымнан астам жолды күтіп ұстау, мемлекеттік кепілдік берілетін қарыздар есебінен республикалық маңызы бар автожолдарының 10 жобасы реконструкцияланып, 7 292 бірлік мөлшерінде теміржол вагондарының жылжымалы құрамы паркі жаңартылады.

ШОБ-ты қолдау үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне  берілген несиелер бойынша қабылданған міндеттемелерді өтеуге, операторлық қызметтер көрсетуге, сондай-ақ кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге және сауықтыруға сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бюджеттен 204 млрд теңге бөлінеді.