Еуразиялық үкіметаралық кеңеске қатысушылар бірқатар құжаттарға қол қойды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы елдер үкіметтерінің басшыларымен Одақ шеңберіндегі өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері мен ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кедергісіз сауданы дамыту, іскерлік ахуалды қалыптастыру, туристік әлеуетті ашу мәселелері қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Отырысқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары: Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян; ЕАЭО бақылаушы елдері делегацияларының басшылары: Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Ареф Мохаммад-Реза; Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Әзербайжан Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде Одақ елдері арасындағы сауданы дамыту мен экономикалық интеграцияның маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық интеграция және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асырылып жатқан аса маңызды алаңдардың бірі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап көрсетті. Сонымен қатар ұлттық деңгейде, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде сыртқы жағдайларға тиімді бейімделу мүмкіндігі біздің экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі факторына айналады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осы орайда қазақстандық тарап Одақ шеңберінде бірлескен жұмыстың бірқатар басым бағытын атап өтті. Бүгінгі таңда ЕАЭО құқықтық жүйесі экономикалық бірлестікке мүше елдерге белгілі бір өнімдерді әкелуге уақытша ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай шараларды қолдану шектеу белгілеген мемлекет аумағы арқылы транзитке тосқауыл қояды, сол арқылы межелі елге кіруге тыйым салынады. Сауда қатынастарында кедергісіз орта құрудың маңызды екені баса айтылды.
Қазақстан Премьер-министрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Одақ аумағында реттеуші және нақты әсерлерді бағалау тетігі жұмыс істейді. Кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайын жақсарту үшін Бірлестік шеңберінде халықаралық шарттарға нақты әсерді бағалау тетігін қолдануды кеңейту ұсынылды.
Сондай-ақ туристік саладағы ынтымақтастықтың келешегіне назар аударылды. Танымал бағыттар мен көрікті жерлер туралы бірыңғай ақпараттық ресурс құру бойынша жұмысты күшейту жөнінде ұсыныс енгізілді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін нығайтуға, іскерлік ахуалды жақсартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.