Енді қазақстандықтар Aliexpress және Temu тауарларын сатып алғаны үшін баж салығын төлейді
Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексі туралы шартына түзетулерді ратификациялады. Олар қазақстандықтардың шетелдік маркетплейстерде сатып алатын тауарларына міндетті баж салығын енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенат отырысына сілтеме жасап.
Шартқа түзетулер мынадай заңнамалық өзгерістерді көздейді:
-онлайн сатып алынған тауарларды кеден арқылы өткізу тәртібі енгізіледі;
-мұндай тауарларды ресімдеу, декларациялау, сақтау және шығару қағидалары белгіленеді;
-кедендік төлемдерді төлеу тәртібі айқындалады.
Сенатор Серік Өтешов атап өткендей, қазір шетелден сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарлар болып саналады және лимиттерден асып кеткен жағдайда ғана декларацияланады. Олар сауда статистикасына кірмейді. Ратификацияланғаннан кейін интернет-сауданың барлық көлемі ескерілетін болады, бұл сенімді статистиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құжатта «электрондық сауда операторы» және «электрондық саудада сатып алынған тауарлар» ұғымдары бекітілген. Енді, әзірлеушілердің айтуынша, мұндай тауарларды электрондық кедендік декларацияны пайдалана отырып, оңайлатылған тәртіппен ресімдеуге болады. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қолданыстағы заңнама бойынша құны 200 еуродан (2025 жылы 127 336 теңге) аспайтын және салмағы 31 килограмға дейінгі тауар үшін баж төленбейтінін түсіндірді.
«Егер осы шектен жоғары болса, онда баж төленеді. Баж мөлшерлемесі қазір 15 пайызды құрайды. Өткен жылы баж есебінен шамамен 7 миллиард теңге қосымша салық түсті», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, түзетулер интернетте сатып алынып, кеден арқылы өтетін барлық тауарларға міндетті түрде декларациялауды міндеттейді.
«Тұтынушы тауарды өз бетінше декларациялауы тиіс, я «Қазпошта», DHL операторы немесе кез келген басқа компаниялар ол үшін декларациялай алады. Егер компания декларацияны толтырса, онда бұл қызмет 4-тен 5 мың теңгеге дейін тұрады. Тиісінше, бұл құн тауарға қосылады»,-деді вице-министр.
Салық жүйесі де өзгереді: егер қазір жиынтық төлем 15 пайызды құраса, енді баж 5 пайызды, сонымен қатар ҚҚС -тың 12 пайызын құрайды (келесі жылдан бастап шамамен 16 пайыз).
«5 плюс 12 – бұл 17 пайыз. Яғни, құны 15-тен 2 пайызға дейін аздап артады. Декларацияны толтыру құнының мөлшері қандай болатыны қазірдің өзінде адамның өзіне байланысты. Егер мүмкін болса, оны өзіңіз толтырыңыз, декларация өте қарапайым», - деді Әмрин.
Хаттаманы Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения ратификациялады. Ол ЕАЭО - ға қатысушы барлық елдер ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.