Экономика

ҰЭМ Арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі шеңберінде Үкімет қаулыларының жобасын ұсынып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Талқылауға шығарылғандар:

жеңілдетілген декларация негізінде арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі;

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі.

Бұл құжаттар Кодекстің 718 және 723-баптарын орындау үшін әзірленген және арнайы салық режимін қолдануды ретке келтіруге, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға арналған.

Тыйым салу тізімі

Жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданыстағы екі режимнің, жеңілдетілген декларация мен бөлшек салықтың элементтерін біріктіреді.

Режимді пайдалана алмайтындар:

- табысы жылына 600 мың АЕК-тен (2, 359 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері;

- басқа компаниялардың үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар;

- құрылтайшылары немесе қатысушылары  бір мезгілде, АСР-дегі басқа заңды тұлғаларға қатысатын немесе құрылтайшысы болып табылатын ұйымдар;

- коммерциялық емес ұйымдар;

- арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер);

- АЭА, "Астана Хаб" қатысушылары;

- бірлескен қызмет шарты бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер.

Тыйым салынғандар тізбесіне ірі бизнеспен байланысты салалар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы ритейл, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіби агенттік және консалтингтік қызмет, ҒЗТКЖ және т. б. кіреді.

1111 ЭҚЖЖ-ның ішінде шектеу 795 қызмет түріне (ЭҚЖЖ-ның 70%-ы) әсер еткенмен, салық төлеушілерге шаққанда, шамамен 30% ғана.

Негізгі себеп — бұл салалардағы операциялардың едәуір бөлігі (жиынтық айналымның 76%-дан астамы) жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын ірі бизнеспен жасалған мәмілелерге тиесілі: құрылыста — 99,9%, жер қойнауын пайдалануда-98,7%, көлік пен қоймада-96,7%.

Жеңілдетілген режим құқығын сақтайтындар

Жеңілдетілген режимді тұрғындарға бағдарланған 300-ге жуық қызмет түріне қалдыру ұсынылады:

- 2000 шаршы метрге дейінгі алаңдағы бөлшек сауда (дәріханаларды қоса алғанда);

- тауарларға пошта арқылы немесе Интернет желісі арқылы тапсырыс беру арқылы жасалатын бөлшек сауда, желілік маркетинг, сондай-ақ дүкеннен тыс басқа да бөлшек сауда;

- тұру, тамақтану, тұрғын үйді жалға алу мен көлік қызметі;

- жеңіл және тамақ өнеркәсібі;

- жолаушы тасымалы;

- мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет, медициналық және әлеуметтік қызмет;

- тұрғындарға арналған тұрмыстық және құрылыс жұмысы;

- шығармашылық индустрия, спорт, мәдениет;

- ауыл шаруашылығы.

Нәтижесінде жеңілдетілген режим барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына беріледі. B2C-ге бағытталған шағын бизнес АСР бойынша жұмысын жалғастырып, ал ірі қызмет түрі жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді.

Сонымен қатар, жалпы белгіленген режимге көшкен кезде айналымы жылына 40 млн теңгеге дейінгі салық төлеушілер ҚҚС төлемейді.

Құжат АСР-ді жосықсыз пайдалануды қысқартуға, әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, салық жүктемесін әділ бөлуге және шағын бизнес үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат беру тізімі 

ҚР Үкіметінің жекелеген қаулысымен ЖК тіркемеген, жұмыскері жоқ және айына 300 АЕК-ке дейінгі кіріс алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қолжетімді қызмет түрлерінің тізбесін бекіту ұсынылады. Бұл өлшемшартқа 46 бағыт сәйкес келеді.

АСР қолдану құқығы аяқ киім жөндеу, спорт пен демалыс саласындағы білім беру, мәдениет саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқа да көмекші қызмет, тұрғын үйді жинау, фотосурет қызметі, сұлулық салоны қызметі, мамандандырылған құрылыс жұмысы, такси қызметі, жалдау және жалға беру, компьютерлерді, жеке тұтыну затын, тұрмыстық тауар жөндеу, сондай-ақ өзге де жеке қызметтерде сақталады.