Экономика

Елордадағы шағын цехта 600-дей автокөлік түріне арналған жабдықтар тігіледі - кәсіпкер

Президент биылғы Жолдауында еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан болатын. Жоқтан бар құрап, қолдағы қаражатымен кәсібін аяққа тұрғызған  Тұрар Баратханұлын да еңбекқор жан деп айтуға әбден болады. Сол қасиетінің арқасында оның елордадағы автокөлік жабдықтарын тігіп сататын шағын ғана цехы қазақстандық нарықтағы орнын ойып тұрып алып отыр. Іскер азамат Elordainfo.kz тілшісіне кәсібінің қыр-сырын айтып берді.

-Тұрар Баратханұлы, дәл осы кәсіп түрімен айналысуға не түрткі болды? Кәсібіңізді қалай бастадыңыз?

-Мен Қытайда туып-өстім. Қазақстанға 2001 жылы келдім. Осы жақта Тараздағы М.Х. Дулати атындағы университетінде оқып, былғары жасау технологиясы мамандығын игеріп шықтым. 2014 жылдары Қытайда 3D көлік төсеніштері «хит» болып келе жатқан кез еді. «Олар істегенде неге біздің қолымыздан келмейді?» деген идея маза бермеді. Сөйтіп, Астанаға келіп, осы бағытта қолда бар қаражатыммен кәсіп бастадым. Қытайдан көлік төсеніштерін қалай кесіп, қалай тігетінін көріп, видеоға түсіріп алған болатынмын. Әуелі екі тігіншімен жұмыс бастадым. Басында станок жоқ, қолымызбен кесіп жүрдік. Бір жылдан кейін ғана станок сатып алуға жағдайымыз жетті. Бір құрылғының бағасы 10 млн теңге шамасында болатын. Екі жылдан кейін кәсібіміздің пайдасын көре бастадық. 2015 жылы шағын цех қызметкерлерінің саны онға жетті. Ал осы салада жұмыс істегенімізге он жыл болды. Қазір қанатымның астында он бес маман бар. Олардың көбі - әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедек немесе төрт-бес баласымен жалғыз қалған әйелдер. Мен әу бастан осындай мұқтаж жандарды оқытып, жұмысқа алуға ниет қойдым. Әрі қаланың шетіндегі, қолайсыз орында жұмыс істеуге жағдайы бар адамның құлшына қоймайтыны белгілі ғой.

- Қазір цехтың жылдық қуаты көңіліңізден шыға ма? Қандай өнімдер шығарып жатырсыздар?

 - Цехтың жалпы жылдық қуаты 30 млн теңге шамасында. Тең жартысы өзіміздің таза пайдамыз, дегенмен соның ішінен кәсібіміз нарықтағы бәсекелестікке төтеп беруі үшін алынған микрокредиттер, жұмысшылардың жалақысы, жалдамалы цех ғимаратының ақшасын төлейміз.

Дегенмен біз - Астанадағы ең ірі үш цехтің біріміз. Алматының өзінде мұндай цех екеу ғана. Шәкірттер тәрбиелеп, оларға да кәсіп бастауға көмектестім. Қазір олар бес цех ашып, өз бетінше жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде 600-ге таяу автокөлік түрінің әрқайсысына лайықталған жабдықтар тігеміз. Автокөлік орындықтарының жабындылары, терезенің алдына жабылатын, жерге жайылатын төсеніштердің түр-түрін дайындап шығарамыз.

Материалдарды Қытайдан вагонға тиеп өзім әкелемін. Көбіне алькантара материалын пайдаланамыз. Оның тиімділігі – күнді немесе автокөлік шамын көзге шағылыстырмай, жарықты өзіне сіңіріп алуында. Жаздыгүні ыстық болмайды, панель көтеріліп кетпейді. Сонымен қатар ламбер, терри, энигма тәрізді маталарды қолданамыз. Жабдықтарды тым арзан материалдардан тікпейміз. Өйткені біз осы салада он жылдық тәжірибеміз болғандықтан, пайдадан бөлек абыройға да жұмыс жасаймыз. Тұтынушыларымызды теріс айналмайтындай, сапалы әрі бағасы да көңілге қонымды өнім ұсынуға ден қоямыз. Бізден елорда бойынша ең арзан автокөлік төсеніштерін табуға болады.

Өзіміздің арнайы эмблемамыз бар. Астанада біздің маркамызды көп адамдар таниды. Тіпті еліміздегі танымал адамдардар да цехымыздың өніміне жиі тапсырып береді. Еліміз бойынша тауарларымызды отыз нүктеге таратамыз. Ал елорда базарларындағы 10 сауда орнында көтерме бағамен сатамыз. Арнайы тапсырыс беретін үш нүкте бар. 

Қоғамның талабына сай интернет-платформалардағы барлық мүмкіндіктерді да пайдаланып жарнама таратамыз, сол арқылы тапсырыс аламыз.

- Жабдықтар арнайы құрылғылар арқылы жасалатынын айттыңыз. Құрылғыларыңыздың ерекшеліктері қандай?

- Үш құрылғымыз бар. Қазақстанда баламасы жоқ станоктар. Жүздеген автокөліктің жабдықтарын жасайтын бағдарлама арқылы материалдарды тез кесіп, 3D форматында түрлі темір тұлпарлардың орындықтарына шақталған жабындылар мен төсеніштерді дайындап береді. Құрылғының күніне 100 дана өнім шығаруға мүмкіндігі бар, әйткенмен біз әзірге орта есеппен 20-30 данасын жасап жүрміз. 3D өнімдердің ерекшелігі коррозиядан, ылғал мен балшықтан сақтайды.

- Тәуекел етіп, қолға алған кәсібіңіздің өрге домалауына не көмектесті? Кәсібінен нәсіп табам деген жанға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен, төзімділік керек. Төзімділік болмаған жерде жұмыс өнбейді. Бастапқы жылдарда мардымды табыс жоқ, қиналдық. Бірақ артқа шегінбедік. Шағын несиелер алдық, жұмысымызды да, жұмысшылардың жалақысын да беруді тоқтатпадық. Өйткені олардың сенері де, сүйенері де ай сайынғы еңбекақылары екенін жақсы білеміз. Мысалы, цех ашылған жылдары жұмысқа орналасқан тігіншіміз Регина әлі күнге бізбен бірге еңбек етіп келеді. Осындай мамандарды қолдан жібермеу керек. Мүмкіндігінше олардың жағдайын жасау қажет.

Төзімділікпен қатар, жан-жағымдағы дос-жардың қолдауының, мамандардың еңбегінің арқасында қазір бұл істің қыр-сырын бізден артық білетін адам жоқ деп айтамыз. ТМД елдеріне алғаш тауар таратқан да біздің кәсіпорын десек, қателеспейтін шығармын. Кейде қытайлықтар «сіздер бізден асып кеттіңіздер, керісінше өзімізге ой тастап жүрсіздер» деп таңғалады. Мысалы, біз қазақы оюлы модельдердің эскизін ұсынамыз, олар істеп береді. «Қалай жасалады» деп қызығушылық танытып жатады. Өз кезегінде олармен де байланыс жасап, кеңесеміз. Қытайлықтар бізге инвестор ретінде келуге ынта білдіріп отыр, бірақ инвесторлар өз елімізден болғанын қалаймыз. Бұл кәсібімізді әрі қарай дамытып, күшейтуге көмектесер еді.

Кәсіп бастаймын деген адамға осы автомобиль саласы, тамақ өндірісі, жалпы жыл он екі айда үздіксіз жүретін кәсіп тиімді дер едім. Қазір интернет-сауданы қолайлы көретіндер бар, бірақ бұл оңай көрінгенмен, табысы мардымсыз болады. Цех жұмысы ауыр болғанмен, болашағы бар деп есептеймін. Әрі маусым таңдамайтын кәсіп.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Алдағы бес жылда жұмысшылар санын жүзге жеткізсек деген жоспар бар. Оған қоса құрылғылардың да санын арттыру қажет. Өйткені қазір қытайлық тауарлардан аяқ алып жүре алмайсыз, мұндай бәсекелестікке төтеп беру үшін жаңа үлгідегі, сұранысқа сай тауарларды жасап шығару керек.

Көріп отырғандарыңыздай, цех ғимараты сын көтермейді. Қызметкерлерге жайлы деп айта алмаймыз. Болашақта барлық талаптарға жауап беретін ғимаратқа көшсек деп армандаймыз. Бірақ әзірге оған қаржылық мүмкіндігіміз болмай тұр. Кәсібімізді одан әрі дамыту үшін мемлекеттен қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді.