Экономика

Елімізде тауардың өндірістен тұтынушыға дейінгі жолын қадағалайтын жүйе енгізіледі

Мемлекет басшысының экономиканы одан әрі цифрландыруға бағытталған тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда «Сауданың цифрлық айнасы» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба – бұл электронды экожүйе, оның негізгі мақсаты өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейін тауардың қозғалысын толық цифрлық бақылауды қамтамасыз ету болып саналады. Және бірыңғай, ашық бухгалтерлік есеп жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Бүгінде классификация 1,3 млн тауарға жасалды. «Ұлттық тауарлар каталогы» мен «Электрондық тауарлар каталогының» жұмыстары аяқталуға жақын.

Келесі маңызды элемент – тауарларды сертификаттау. Өткен жылы Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі (E-КТРМ) іске қосылды. Бүгінгі күні бұл жүйеде 100 мыңнан астам өтініш беруші, 1,5 мың аккредиттеу субъектісі тіркеліп, 3,5 млн-нан астам түрлі рұқсат құжаттары берілді, бұл сертификаттау үдерісін едәуір жеделдетеді және ашық етеді, - деді министр.