Елімізде қант өндірісі арта ма – министр жауап берді
Үкімет отырысынан соң өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде қант өндірісі қандай жағдайда артатынын айтып түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұрын қант қызылшасынан 10%-ға жуық қант өндіретінбіз. Былтырғы жылы рекордтық жиын-терін болды, яғни 1 млн 300 мың алдық. 21% қантты өзіміз шығарып жатырмыз, өндіріс 10%-ға өсті. 128 мың тонна қант шығарылды. Біздің зауыттарымыз ескі болды. Төрт зауытымыз бар, оның үшеуі қант қызылшасы, төртіншісі «тростникпен» жұмыс жасайды. Үшеуіне биыл түскен жүктеме жоғары болды, сондықтан қиын болды. Оның шындығын айту керек. Ондай қант қызылшасы өсімі болады деп ешкім ойлаған жоқ. Кезінде «шаруашылықтар соншама қант қызылшасы шықпайды» деуші еді. Үкімет бөлген қаржының арқасында, технологияны сақтаудың арқасында соншалықты жиын-терін алынып отыр. Енді биыл біз қант қызылшасын алуды қысқартып отырмыз», - деді Айдарбек Сапаров.
Мұны министр жаңа зауыт салудың қажеттілігімен түсіндірді.
«Күні кеше арабтармен келісімшартқа қол қойылды. Олар қант қызылшасы зауытын саламыз деп отыр. Одан басқа өзіміздің төрт зауытымыздың ішін реконструкция жасап, өнім шығару мүмкіндігін кеңейтсек, онда өзіндік өнімімізді 80-100%-ға дейін арттыруға болады», - деді министр.