Биыл «Достық-Мойынты» теміржол желісінің құрылысы аяқталады
Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда 5 жоба бойынша жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар: «Достық - Мойынты», «Алматы айналма теміржолы», «Дарбаза - Мақтаарал», «Мойынты - Қызылжар» және «Бақты - Аягөз». Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, биыл «Достық - Мойынты» учаскесі және «Алматы айналма теміржолы» құрылысы мерзімінен бұрын аяқталады.
«Келесі жылы «Мойынты - Қызылжар» және «Дарбаза - Мақтаарал» жаңа теміржолдары іске қосылады. Сонымен қатар биыл 3 мың шақырым теміржол учаскелерінде толық модернизациялау басталды. Бұл жұмыстар жаңа жолдарды салумен тең. Мысалы, «Қызылжар - Сексеуіл» учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25 пойызға дейін, ал «Қандыағаш - Тобыл» 7-ден 25-ке дейін көтеріледі»,- деді министр.
Сауранбаевтың берген ақпаратына сәйкес, елімізде теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы - 16 мың шақырым. Оның тозу деңгейі - 57 пайыз. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етіп отыр.
«Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысы мен жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар 11 мың шақырым жолдың жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді ол.