«Бəйтерек» холдингі отандық өндірісті кешенді қолдауды жалғастырады – Рустам Қарагойшин
«Бәйтерек» холдингі стратегиялық жобаларды іске асыруға, шағын және орта бизнесті кредиттеуге және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға қаражат бөліп, мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіруге басымдық береді. Экономиканың өсуіне арналған аталған платформада отандық өндірісті дамыту жəне қолдау үшін нақты қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр? Бұл жөнінде «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, холдингтің негізгі қызметі шеңберінде отандық өндірістің тауарларына, жұмыстары мен қызметтеріне басымдық беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген талдауға сəйкес, тұтыну тауарларындағы жəне техникалық мақсаттағы тауарлардағы отандық өндірістің орташа үлесі 45%-ды құрап, шамамен 23,9 трлн теңге болды.
Тұтыну сегментіндегі жоғары көрсеткіштер: бензин, пропан-бутан сияқты тауарларда ОТӨ үлесі 86%, тамақ өнімдерінде 63% жəне жеңіл автомобильдерде 46% болды.
Энергетика саласына арналған техникалық мақсаттағы тауарларда (мазут, мұнай газдары, керосин, т.б.) 81%, құрылыс материалдарында 66% жəне химиялық өнімдерде 43%-ды көрсетті.
Экономикаға 8 трлн теңгені бағыттау бойынша бастама шеңберінде бүгінгі күні холдинг пен «Самұрық-Қазына» ҰƏҚ» АҚ отандық өндірушілерді офтейк-келісімшарттармен қамтамасыз ету арқылы ішкі нарықты қанықтыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Рустам Тимурұлы.
Ал энергетикалық жəне коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде, импортқа тəуелділікті азайту жəне өнеркəсіптік əлеуетін дамыту үшін отандық өндірушілердің өнімдерін басымдықпен пайдалану көзделіп отыр.
«Бүгінгі таңда «QazIndustry» АҚ-мен бірлесіп, Ұлттық жоба үшін тауарларға, жұмыстарға жəне қызметтерге қажеттіліктер туралы деректерді жинау жұмыстары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тауарларға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін əлеуетті өндірушілерді іріктеу жұмысы басталады.
Ұлттық жобамен тозығы жеткен энергетикалық жəне коммуналдық инфрақұрылым объектілерін ауыстыру жəне жаңғырту көзделеді. Осылайша, табиғи монополия субъектісін қазақстандық өніммен (құбыр өнімдері, тазалау өнімдері, электр кабельдік өнімдер, ысырмалар, клапандар, арматура) қамтамасыз ету мақсатында оның ішінде холдинг тобының қарыз алушыларынан сатып алуды жүзеге асыруды ұсынады, бұл тиісінше қазақстандық кəсіпорындарды офтейк-келісімшарттармен қамтамасыз етеді», - деді ол.
Қолдау нəтижелері бойынша 2024 жылы 33 жоба пайдалануға беріліп, жалпы қолдау сомасы 345,5 млрд теңгені құраған. Бұл - мұнай экстракциясы зауытының құрылысы, көлемді блоктар, автошиналар, тұрмыстық техника, шойын құю жəне т.б. шығаратын зауыттар.
Ағымдағы жылы отандық өндірістік жобалар да қамтылады. Атап айтқанда, бұл - алкилат, қағаз жəне картон, натрий цианиді, сода күлін шығаратын зауыттардың құрылысы жəне басқа да жобалар.
«Отандық өндірісті қолдау отандық өнімді өткізуге жанама түрде əсерін тигізетін көлік құралдары паркін жаңарту шеңберінде жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, вагон жасау секторының, автобустардың, ауыл шаруашылығы техникасының жəне арнайы мақсаттағы автокөліктің 15-ке жуық отандық өндірушілеріне ӨДҚ желісі бойынша қолдау көрсетілді. Жалпы, бүгінгі таңда шамамен 1,1 трлн теңге бағытталды, бұл 26,6 мың бірлік техниканы өткізуге мүмкіндік берді.
ҚАҚ желісі бойынша ауыл шаруашылығы техникасының лизингі арқылы 1,4 трлн теңгеге 88,3 мың бірлік техника жаңартылды, оның ішінде 393,8 млрд теңгеге 17,1 мың бірлік техника отандық өндірушілерден алынды», - деді басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстанның даму банкі қолдаған кəсіпорындардың тауарларды, жұмыстарды жəне қызметтерді сатып алу көлемі 30 млрд теңгені құрады.
«Оның ішінде отандық тауар өндірушілерден сатып алынған ТЖҚ үлесі шамамен 29 млрд теңге (шамамен 99%) болып отыр.
Холдингтің компаниялар тобы бойынша сатып алу көлемі 2024 жылы 54,1 млрд теңгені құрады, онда отандық өнім берушілердің үлесі - 45,7 млрд теңге, елішілік құндылықтың жалпы үлесі 84% (2023 жылы – 81%).
2025 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы сатып алу көлемінде (6,8 млрд теңге) елішілік құндылық үлесі 84% (5,7 млрд теңге) деңгейінде қалады.
Сонымен қатар 8 трлн теңге бойынша бастама шеңберінде ағымдағы жылы жобалардың инвестициялық кезеңінде 1,2 трлн теңгеден кем емес сомаға ТЖҚ сатып алу жоспарланып отыр», - деді Рустам Қарагойшин.
Осылайша, «Бəйтерек» ҰБХ» АҚ өз қызметі шеңберінде отандық өндірісті кешенді қолдауды жалғастырып, жұмыспен қамтудың өсуіне, технологиялық жаңаруға жəне іске асырылған жобалар мен өндірілетін өнім есебінен импортқа тəуелділіктің төмендеуіне, қарсы міндеттемелердің орындалуына ықпал ететін болады.