Экономика

Банктер туралы жаңа заң инвестиция тарту мәселесін шешуде себепкер болады – Сапарбай Жобаев

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Биыл Президент елімізге ірі инвестицияларды тарту, цифрландыруды жандандыру, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистиканы жаңа деңгейге шығару және өзге де маңызды бағыттарды айқындап, оларды жүзеге асыруға нақты тапсырмалар берді. Белгілі экономист Сапарбай Жобаев Жолдауда айтылған мәселелерге байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінгі Жолдауда Президент цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру туралы айтты. Бұл біз үшін жаңашылдық деп айтсам болады. Егер бұл құрылым құрылатын болса, онда елімізде жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі крипторезерв жинақталатын болады. Сонымен қатар осы жолы цифрландыруға басты назар аударылып отыр. Жалпы цифрландыру мәселесі - дүниежүзінде болып жатқан қалыпты үрдіс. Мысалы, бізде банк жүйесі өте жақсы цифрландырылды. Сондықтан да цифрландыруды басқа да салаларға енгізу қажет», - деді Сапарбай Жобаев.

Белгілі экономист банктер туралы жаңа заң экономикаға инвестиция тарту мәселесінде маңызды қадам болатынын айтты.

«Біздің еліміздегі банктер тұтынушылық мақсаттағы несиені көбірек беріп жатыр. Ал өндіріске, оның ішінде қайта өңдеу салаларына банктер несие бере қоймайды. Біздегі банктердің барлығы - жеке кәсіпкерлер. Сондықтан олар сенімді, ақшасы тез қайтатын салаларға ақша салады. Егер банктер туралы жаңа заң қабылданса, онда ол бұл мәселені шешуге себепкер болатыны анық»,- дейді ол.

Сонымен қатар Сапарбай Жобаев ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мәселесіне тоқталды.

«Бізде ауыл шаруашылығы саласы біршама жетістіктерге жетіп жүр. Бидай жақсы жиналады, климатымыз қиын болса да өсімдік майын өңдіріп жатырмыз, етті экспорттап жатырмыз.  Оған мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидия мен ауыл шаруашылығын қаржыландыратын қорлар жәрдем беріп келеді. Ал бұл салада қайта жаңғырту мәселесіне келсек, алдымен кәсіпкер шаруаларға жерді беру мәселесін шешу қажет деп ойлаймын. Себебі бүгінде өндіріске арнап жер алу үшін бір жыл кетеді, яғни инвестиция құюға мүдделі тұлғалар бюрократиялық шектеулерге тап болады.   Президент мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайтадан айналымға түсіру  туралы жақсы айтты.  Бұл мәселені ол осы уақытқа дейін де айтып келді.  Ауылдағы жерді ауылда жұмыс істейтін нақты адамдарға беру керек»,- деді Сапарбай Жобаев.

Белгілі экономист бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көлік-логистикасы саласына жақсы көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Бұл салада көп өзгеріс болып жатыр. Мысалы, шетелден келген қонақтарымыз біздің жолдардың сапасына таң қалып жатады. Одан бөлек теміржолдарды салып жатырмыз.  Бұл салаға бюджеттен көп қаражат бөлініп жатыр. Дегенмен өркениетті елдермен салыстыратын болсақ, оларда теміржолды кәсіпкерлер салады. Сондықтан да бұл бағытта жеке меншік инвесторлардың мүддесі үшін пайда табатын жолын табу қажет.  Тек бюджет қаражаты есебінен инфрақұрылымды дамытатын болсақ, онда Ұлттық қордың ақшасы таусылып, халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін қажетті бағдарламаларға көңіл бөлінбей қалады. Ал логистика бізге міндетті түрде керек. Бүгінде Ресей мен Ирандағы санкция салдарынан біз Қытай мен Еуропаның ортасындағы қатынас жол болып қалдық. Осы мүмкіндікті көбірек пайдаланып қалуымыз керек»,- деді ол.

Сонымен қатар Сапарбай Жобаев екінші және үшінші АЭС құрылысының жоспарына кірісу дұрыс шешім екенін айтты.

«Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті «Росатом» компаниясы салады. Бірақ құрылыс жұмыстары қазіргі санкция және т.б. мәселерге байланысты кешігуі мүмкін. Ал екінші және үшінші АЭС-ты салуды Қытайға тапсырсақ, онда олар тез салып тастайды деп ойлаймын. Сондықтан қазіргі таңда екінші және үшінші АЭС-ты салуды жоспарлау орынды деп есептеймін»,- деді экономист.