Экономика

Қазақстандықтар бір тоқсанда 475 келі алтын сатып алған

Биылғы жылдың III тоқсанында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 475,5 келі 13 940 алтын құйма сатылды. Бұл туралы Elordainfo.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Алтын құймалардың ең көп бөлігі Алматыда (8 101 дана, 58%), Шымкентте (1 279 дана, 9%) және Астанада (1 243 дана, 9%) сатылды.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

«Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Қазір алтын құймаларды бірқатар екінші деңгейлі банктерде, сондай-ақ банктік емес жекелеген пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.