Экономика

Қазақстандық өндірушілерге ЕАЭО елдерінің сатып алуларына қатысу жеңілдей түседі

2025 жылғы 1 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында мемлекеттік сатып алулар мақсатында тауарлардың шыққан елін анықтау қағидаларына 11-қосымшасын алты жаңа тауар позициясымен - медициналық және химиялық бұйымдармен толықтыру туралы шешім мақұлданды. Бұл тауарлар шыққан елін растайтын СТ-1 сертификаты болған жағдайда ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Бұл шешім ЕАЭО тауарлары ретінде танылатын өнімдер тізбесін кеңейтуге және тиісінше, Одақтың барлық мүше мемлекеттерінің аумағында мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде оларға ұлттық режим беру мақсатында қабылданды.

Маңыздысы, бұған дейін Ресей тарапы мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін тауарлардың шығарылған елін анықтау өлшемшарттарына сәйкес келетін жекелеген өнеркәсіптік тауарларға рұқсат беретін қаулы қабылдаған болатын. Атап айтқанда, тауарларды Ресей Федерациясы аумағында қайта өңдеудің жекелеген операцияларын жүргізу, өндірілетін тауарлардың ресейлік тізілімінде болуы және т.б.

Осылайша, СТ-1 сертификаты бар қазақстандық өндірушілер тендерлерге жергілікті жеткізушілермен тең жағдайда қатыса алады, бұл өнімдерді өткізуге және нарықты кеңейтуге толық қолжетімділік береді.

Бұл шешім Қазақстанның ЕАЭО аясындағы белсенді ұстанымы мен жұмысының нәтижесі болып табылады және еліміздің Одақтағы экономикалық мүдделерін ілгерілетуге бағытталған.

Бүгінгі таңда шығарылған елі СТ-1 сертификатымен расталатын тауарлар тізбесі 309 атауды қамтиды (тауарлардың толық тізбюесімен Комиссияның ресми сайтында танысуға болады: eec.eaeunion.org).

Жақын арада бұл шешім түпкілікті бекіту үшін ЕЭК Кеңесінің қарауына ұсынылатын болады.