Қазақстанда экономиканың өсімі 6,3%-ды құрады – министр
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында Мемлекет басшысының экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3%-ы құрағанын атап өтті. Соның ішінде, нақты сектордағы өсім 8,1%-ды құрады, қызметтер өндірісі 5,3%-ға өсті.
Салалар арасында көлік қызметтері (өсім 21,2%-ға), құрылыс (14,9%-ға) және тау-кен өнеркәсібі (9,3%-ға) ең жоғары өсім көрсетті.
«Сауда 8,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға өсті. ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етті», - деді Азамат Амрин.
Министр сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%-ға өсіп, 13,8 трлн теңгені құрағанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өткен болатын.