Экономика

Қазақстан мен Қытай шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматта алмасуды бастады

Қытай Халық Республикасымен шетелдік рұқсат бланкісін алмасу бұдан былай электронды форматта жүзеге асады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шетелдік рұқсат бланкісі – тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін арнайы құжат.

Биылғы 26 қарашадан 27 қарашаға қараған түні сынақ режимінде алғашқы жүк көлік құралдары өткізілді. Сәтті тестілеуден кейін электронды жүйе ресми түрде енгізілді.

«Осы жылдың басынан бері Қытай тарапымен 190 000 көлемінде жүктерді тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Екі елдің жауапты ведомстволары қосымша 40 мың көлеміндегі шетелдік рұқсат бланкілерін алмасу бойынша келіссөздер жүргізді. Оның 30 мыңы электронды форматтағы жаңа жүйені қолдану арқылы жүзеге асса, ал қалған қосымша 10 мың дана қағаз жүзінде болды. Шетелдік рұқсат бланкісін алмасу 29 қарашада жүзеге асты», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы екі жылда ҚХР-мен шетелдік рұқсат құжаттарымен алмасу 50 мыңнан 230 мыңға дейін өсті.