Экономика

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы $1,2 млрд-тан асты

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Бішкек қаласында өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Көлік-логистика, өнеркәсіп, су ресурстары, энергетика және басқа да салалардағы өзара байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері кеңінен талқыланды. 

Үкіметаралық кеңес отырысы барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша тұрақты оң динамиканы атап өтті. Биылғы 9 айда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы $1,2 млрд-тан асты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға жоғары. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасымен серіктестікті нығайтуға зор көңіл бөледі. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қою нәтижесінде елдеріміздің өзара ықпалдастығы сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Біз достыққа, бауырластыққа және тату көршілікке негізделген қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Қазақстан Үкіметі қазақ-қырғыз ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салады», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.

«Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстанмен достық әрі тату көршілік қатынастарды нығайтуға зор мән береді. Президентіміздің биылғы сәуір айындағы Қазақстан Республикасына ресми сапары тарихи сипат алып, қырғыз-қазақ қатынастарында жаңа дәуірді ашты. Биыл қол қойылған одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт қырғыз-қазақ ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және екі халық арасындағы ғасырлар бойғы бауырластық байланыстарды нығайтуға үлес қосатынына сенімдімін», — деді Ақылбек Жапаров.  

Үкіметаралық кеңеске қатысушылар су-энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жоспарларды да қарады. 2024 жылғы суару маусымы үкіметтер қабылдаған бірлескен шаралардың арқасында сәтті өтті және осы бағытта жүйелі жұмысты жалғастыру ниеті айтылды. 

Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, олардың арасында Үкіметаралық кеңестің 12-ші отырысының қорытынды хаттамасы, Ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі жол картасы, сондай-ақ Туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарына Қазақстанның меншік құқығын реттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.