Қазақстан ферроқорытпа өндіру бойынша әлемдік рекорд орнатты
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты әлемдік рекорд орнатты - бір технологиялық цикл барысында тұрақты токты электр доғалы пештен 177 тоннадан астам феррохром өндірілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл жетістік WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) ұйымымен ресми түрде тіркеліп, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен құжатталды.
Рекорд тіркелген сәтте Ақтөбеферроқорытпа зауытының №43 пешінен біртехнологиялық циклде 177 288 келі жоғары көміртекті феррохром алынды. №4 цехтың пештері өз класында әлемдегі ең қуатты пештер болып саналады. Зауыт мамандары жүзеге асырған бірегей техникалық шешімдердің арқасында жабдық жобалық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары қуатпен жұмыс істеп тұр. Орта есеппен бір пеш бір циклде 50-60 тонна ферроқорытпа берсе, бұл жолы одан едәуір артық көлем өндірілді. Бұл бұрын-соңды болмаған нәтижеге, яғни әлемдік рекордқа жетудің негізі болды.
Рекорд орнатуға арналған салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол зауыт ұжымын құттықтап, бұл рекорд – қазақстандық мамандардың жоғары біліктілігі мен елдің, өңірдің орасан индустриялық әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өнім өндіру көлемі бойынша әлемдік рекорд орнатты. Бірінші рет №43 пештен бір технологиялық циклде 170 тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілді. Зауыт жұмысшылары күндіз-түні, ыстық-суыққа қарамай еңбек етіп, өндірісті әлемдік деңгейге шығарды. Бұл жетістік – кәсіпорынның ғана емес, бүкіл қазақстандық өнеркәсіптің халықаралық стандарттарға сай екенін және сол стандарттарды өзі орнатаалатынын көрсетті. Бұл – тек Ақтөбе өңірі мен зауыттың емес, бүкіл Қазақстан өнеркәсібінің әлеуетінің қуатты дәлелі», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, бұл жетістікке ерекше мән беретін жайт –Мемлекет басшысының Жарлығымен биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы»деп жариялануы. Ұлттық құрылтай отырысында Президент қоғамда адал азамат - еңбекқор, жауапты, әділетті азамат бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Асхат Шахаров мұндай жетістіктер елдің экономикалық қуатын қалыптастыратын еңбек адамының беделін нығайтуға сеп болатынын айтты.
«Бұл жетістіктің артында тек металл, сандар мен жабдық қана тұрған жоқ, ең алдымен, бұл – біздің адамдар! Қазхромметаллургтерінің кәсібилігі, жанкештілігі мен өз ісіне деген сенімі мүмкін емес дүниені мүмкін етті. Бұл рекорд – нағыз технологиялық жеңіс! Бұл – жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, ERG өз көшбасшылығын, тұрақтылығын және өсу әлеуетін көрсетіп отырғанының жарқын белгісі», - деді ERG S.a.r.l. Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директор Шухрат Ибрагимов.
Рекорд тәуелсіз сарапшылар, WORLD BOOK OF RECORDS (WBR) өкілдері, метрологиялық қызмет және техникалық комиссия қатысуымен тіркелді. Металлды өндіруден бастап, оны салқындату, өлшеумен құжаттауға дейінгі барлық кезеңдер ресми түрде тіркеліп, сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды.
«Біз ауыр өнеркәсіп саласындағы рекордтарды сирек тіркейміз, сондықтан бүгінгі жетістік ерекше бағалы. Бұл оқиға тек бір зауыттың ғана емес, бүкіл Қазақстанның технологиялық беделіне қосылған үлес және елдің өнеркәсіптік әлеуетінің мойындалуы», - деді WBR Азия және Африка елдері бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов.
Марапаттау рәсімі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Құрмет тақтасының ашылуымен қатар өтті.
«Әрбір өндірісіміз - бұл командалық жұмыс пен жоғары жауапкершілік. Бірақ сол күні біз ерекше нәрсе жасап жатқанымызды сездік. Бұл рекорд – бүкіл ауысымның, бүкіл зауыттың жеңісі», - деп өз ойымен бөлісті №43 рекорд орнатқан пештің бригадирі Геннадий Кухарь.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазхром өндірісті 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға арттырып, ферроқорытпа өндірісін 1,85 миллион тоннадан асырды. Бұл – компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.