Экономика

Ауылдарда тұрақты жұмыс орнын құру қажет – сенатор

Парламент Сенатының кезекті отырысында cенатор Серік Шайдаров ауылдық аймақтардың экономикалық дамуда артта қалғанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сенатор депутаттық сауалын Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдады.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында 2019 жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруда. Жобаның мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Мысалы, 2014-2023 жылдары республикалық бюджеттен 524 миллион теңге бөлініп, 1 800 тірек және спутниктік ауылдарда 5 мыңнан астам жоба іске асырылған. Алайда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру индикаторлары жоқ», - деді Серік Шайдаров.

Ол бұдан соң дүниежүзілік банктің мәліметіне тоқталды. Онда Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіштері бойынша табыс деңгейі төмен елдердің тобына жататыны көрсетілген. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің деңгейі бір адамға шаққанда Ресейге қарағанда 1,8 есеге, Оңтүстік Кореяға қарағанда 7,5 есе, Францияға қарағанда 8,8 есе, Белгияға қарағанда 43 есе төмен екен. Спикер сол себепті ауылдық аумақтарды дамытудағы мемлекеттік саясаттың конституциялық негізі ауылдық экономиканы дамыту перспективаларына негізделуі болып табылатынын айтты.

«Үкімет отырысының бірінде Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров соңғы 10 жылда елімізде 583 ауыл жабылғанын, бүгінгі таңда республикада 6 256 ауылдық елді мекен бар екенін мәлімдеген болатын. Егер ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2013 жылдардағы мемлекеттік бағдарламасын еске алатын болсақ, бағдарламаны іске асыра бастағанда 7 660 ауыл болған. Яғни, 20 жылдың ішінде 1 404 ауылдық елді мекен жабылған. Егер елде әрбір 10 жыл сайын 700 ауылдық елді мекен қысқартылса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да басқа мемлекеттік бағдарламалардың тағдырын қайталамай ма?», - деп сауал тастады сенатор.

Ол аталған бағдарламаның негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүруін жақсарту екенін тағы бір мәрте еске сала отыра іс жүзінде бюджет қаражатының әдеттегідей игеріліп жатқанын айтты.

«Бұл ретте тұрақты жұмыс орындары құрылмаса, мемлекет салынған қаражаттан тиісінше нәтиже ала алмайды. Осыған байланысы ауыл халқын несиелендіруді, аграрлық несие корпорациялары арқылы бөлінетін барлық несие желілерін қоса алғанда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы жүзеге асыруды ұсынамыз. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына кіргізілген ауылдарда тұрақты жұмыс орнын құруды және инфрақұрылымды дамытуды қатар жүргізуді жергілікті атқарушы органдарға жүктеу қажет. Ал бақылауды Ұлттық экономика министрлігіне қалдырған дұрыс болады», - деді С.Шайдаров.