Арман Айманбетов: Агротехника паркін жаңарту – өзекті мәселе
Елімізде машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозғандығын айтып, оны жыл сайын 8-10 пайызға жаңартып отыруды тапсырды. Осы ретте Elorda.info тілшісі еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын тасымалдаушы - "Астана Агропартнер» компаниясының басшысы Арман Айманбетовпен сұхбаттасты.
-Арман Нұрхатұлы, «Астана Агропартнер» мекемесі қандай елдерден ауыл шаруашылығы техникаларын көбірек экспорттайды? Қазақстанға негізінен қандай техникалар көбірек қажет?
-Өз елімізде осы салаға қажетті техника шығаратын зауыттарға тоқтала кетсеңіз?
- Тамшылатып суару, балама энергия көздерін пайдалану сияқты табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін техникаларға қаншалықты сұраныс бар?
-Президент ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы қажеттігін айтқан болатын. Бұған жету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
-->-Арман Нұрхатұлы, «Астана Агропартнер» мекемесі қандай елдерден ауыл шаруашылығы техникаларын көбірек экспорттайды? Қазақстанға негізінен қандай техникалар көбірек қажет?
Мекеме - еліміздегі ірі компаниялардың бірі. 12 жылдан астам уақыт қызмет көрсетуде. Бас мекемеміз Астанада, өзге филиалдар Өскемен, Көкшетау, Қостанай өңірінде орналасқан.
Біз шетелден ауыл шаруашылық техникаларын тасимыз. Әлемдік бренд қалыптастырған ірі компанияларының өнімдерін елімізге экспорттаймыз. Сөйтіп, Қазақстанның өндірушілеріне ұсынып, техника жетіспеушілігінің орнын толтыруға өз үлесімізді қосамыз.
Мәселен, біз итальяндық Maschio Gaspardo-мен жұмыс жасаймыз. Оның ең басты жетістігі – жеміс-жидек дақылдары мен жүгері, күнбағыс егетін техника шығарады. Салыстыра келе аталған компанияның басқа бәсекелестермен бірдей тарапта тұрғанын білдік. Сондықтан осы компанияны таңдап, шығарған техникаларын Қазақстанға тасымалдауды құп көрдік.
Бұдан басқа Ресейдің зауыттарынан көктемгі егін салу науқанынан бастап күзгі жиын-терінге дейінгі қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын әкелудеміз. Сондай-ақ әлемдік нарықтағы комбайндар мен басқа да күрделі машиналарды жасауда көш басындағы ірі компания - «Гомсельмаш» -тың бір өкілі ретінде жұмыс жасаймыз. Жалпы, біздің мекеме экспорттайтын техникалардың желісі өте үлкен.
-Өз елімізде осы салаға қажетті техника шығаратын зауыттарға тоқтала кетсеңіз?
Қазақстанда «Гомсельмаш» компаниясы Көкшетау қаласында күзгі жиын-терінге арналған техникаларды шығаратын екі зауыт ашты. Мұнда комбайн, трактор т.б. ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады.
- Тамшылатып суару, балама энергия көздерін пайдалану сияқты табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін техникаларға қаншалықты сұраныс бар?
Біз тасымалдайтын өнімдер желісінде, өкінішке орай, мұндай техникалар жоқ. Бірақ біз бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қарашада Германияда өтетін Ганновер көрмесіне барамыз деп отырмыз. Сонда ауыл шаруашылығына қажетті заманауи құрал-жабдықтарды шығаратын мамандармен кездесіп, тәжірибе алмасатын боламыз.
Жалпы, әлемде технологиялар күн санап өзгеріп жатыр. Техологиясы озық дамыған елдерден қалмай, көшке ілесіп жүру үшін осындай ауқымды көрмелерге үзбей қатысуымыз қажет. Өйткені біздің ең бірінші көздейтін мақсатымыз – еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру.
-Президент ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы қажеттігін айтқан болатын. Бұған жету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
Фермерлерге Үкіметтен субсидия көбірек берілсе, бұл фермерлердің қысқа мерзімде шаруасын дөңгелентіп алуына септігі тиер еді деп ойлаймын. Сонымен қатар, берілген қаржының қажетті салаға дұрыс жұмсалуы қадағаланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл тарапта жоғарыда айтқан«Гомсельмаш» зауытының Қазақстанда ашылған екі мекемесінде «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша Үкімет пен «Казагроқаржы» компаниясынан бөлінген қаржылық лизинг бар. Аталған бағдарлама бойынша техника сатып алғысы келген фермерлерге 30 пайыздық субсидия беріледі.
Жалпы, Қазақстандағы машина-трактор паркін жаңарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бірақ бұл бірнеше жылдарға созылуы мүмкін. Себебі кез-келген жаңа техниканың өзі 5-7 жылдан кейін істен шығады. Осы себепті Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайын 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет екенін тапсырды.