АЭС-тің түпкілікті координаты әлі айқындалған жоқ — Агенттік төрағасы
Елімізде салынатын Атом электр стансасы орналасатын түпкілікті координат әлі айқындалған жоқ. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
Росатом жобалау-іздеу жұмыстарына кірісті. Терңдігі 30-дан 150 метрге дейін жететін 70-тен астам ұңғыма бұрғыланды. Топырақ сынамасы алынды. Қазіргі уақытта топырағы зерделеніп жатыр. Мұнан бөлек, алдын ала сейсмикалық, картографиялық жұмыс жүрізілді. Барлық мәлімет техникалық-экономикалық негіздемеге, дұрысырақ айтсақ, жан-жақты инжиниринг, жобалық құжатқа енгізіледі. МАГАТЭ стандарттарына сәйкес, жұмыс басталмастан шамамен 18 ай бұрын алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ол жүргізіліп жатыр. Станса орналасатын түпкілікті координат белгілі болады, - деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылым, жұмысшылар елді мекені, Қазақстанда жасалатын, шетелден сатып алатын жабдықтар мәселесі енді шешіледі.
Мұның бәрі жобалық құжаттамада қамтылады. Қазіргі уақытта Росатоммен бірге айналысып жатырмыз. Ол барынша жан-жақты алдын ала жұмыстардан кейін жоспарланады, - деді ол.