Экономика

ҚАЭС Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің ведомстволық бағынысты ұйымдар қатарына енгізілді

«Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №861 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігіне ведомстволық бағынысты ұйымдар қатарына енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда «ҚАЭС» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесі формалды түрде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) меншігінде қалып отыр. Алайда, серіктестік қызметін жедел іске қосу және атом электр станциясын салу жобасын жеделдету мақсатында Қор мен Агенттік арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.

Осы шарттың шарттарына сәйкес, Агенттікке «ҚАЭС» ЖШС-дегі қатысу үлесін басқару құқығы берілді, оның ішінде стратегиялық және операциялық сипаттағы шешімдер қабылдау өкілеттіктері де кіреді.

Сонымен қатар, «ҚАЭС» ЖШС-дегі қатысу үлесін республикалық меншікке беру және оны Агенттікке бекіту рәсімін жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.