Адамбек Кендебай: Алаңдаудың қажеті жоқ, халықтың әлеуметтік жағдайы мемлекеттің бақылауында
Өткен аптадан бастап өсе бастаған доллар бағамы осы аптаның басында күрт көтеріліп, ҚР Ұлттық банкінің бүгінгі мәліметі бойынша 524,58 теңгені құрады. Теңгенің тұрақсыздығына қатысты көптің көкейінде «Инфляция бола ма, одан кейінгі жағдайымыз қалай болады?» деген сияқты сұрақтар тууы заңдылық. Аталған қаржылық жағдайға байланысты Астана қаласы мәслихаты депутаты Адамбек Кендебай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Депутат Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың еліміздегі қаржылық жағдайға байланысты брифингі уақытылы ұйымдастырылғанын, онда мемлекет теңгенің тұрақсыздануы мен доллардың өсуін үш мәселемен түсіндіргенін айтты. Сондай-ақ бұл мәселе қалалық мәслихат депутаттарын да бейжай қалдырмайтынын қаперге берді.
«Қазақстан - шекарасы жабық мемлекет емес, дүние жүзінің экономикасымен байланыстағы ел. Сондықтан сыртта болып жатқан факторлар бізге де өз әсерін тигізеді.
Теңгенің тұрақсыздануына әкеліп отырған үш мәселеге келетін болсақ, бұл, бірінші - доллар индексінің өсуі, екінші - Ресей рублінің әлсіреуі, үшінші - мұнай бағасының түсуі. Әрине, мемлекетіміз Еуразиялық экономикалық одақта болғандықтан, бұл жерде бізге ең көп әсер етіп отырған - рубльдің әлсіреуі. Қаржы жағынан тұрақсыздықтың болуының бірегей себебі сол деп пайымдаймыз», - деді А. Кендебай.
Дегенмен сарапшы алаңдаудың қажеті жоқ екенін, өйткені мемлекеттің халықты әлеуметтік жағынан қорғау мәселесін әрқашан өзінің күн тәртібінде ұстап отырғанын қаперге берді.
«Мемлекет қай кезде де әлеуметтік мәселелерге байланысты жауапкершілігін толық көлемде орындайды. Алдыңғы жылдан бастап балаларға төленетін төлемдер бойынша 6,1 %-ға индексация жасалады. 2025 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы, төлем, жәрдемақылар - бәріне де индексация жасалады. Зейнетақы 8,5%-ға, әлеуметтік төлемдер 6,5%-ға өседі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының кезең-кезеңімен өсуі жалғасып жатыр. Мұның бәріне бюджетте ақша қарастырылған. 42 түрлі әлеуметік төлем бар. Оған 6 трлн-нан астам ақша жұмсалмақ. Бұл 2024 жылға қарағанда 12,5%-ға көп. Біздің мемлекетімізде 2 млн-нан астам отбасы балалары республикалық және жергілікті бюджет бойынша жәрдемақы түрлерімен қамтылған. Студенттердің де стипендиясы 1 қыркүйектен бастап көтерілгені белгілі. Бакалавриаттағылардың стипендиясы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ға, ал ғылыми мекемелер қызметкерлерінің жалақысы 18%-ға көтерілді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 17%-ға артпақ», - деді ол.
Депутат қаржылық ахуалды бақылауда ұстап тұру үшін бағаны тұрақтандыру мәселесіне де көп көңіл бөлінетінін айтты.
«Мемлекет тарапынан атқарылған үлкен іс- шаралар: ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелекестікті қорғау, сыртқы сауда және тарифтерді реттеу инфляцияны тежеуде өз нәтижесін беріп отыр. Үкімет осы жағдайдың бәріне мониторинг жасауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандырудың нәтижесінде 26 мың тоннадан астам азық-түлік сақталды. Бұл қор үнемі толықтырылып тұрады әрі еліміздің қажеттілігін бірнеше айға қамтамасыз етеді. Жаңа жылдың алдында да бағаның ықтимал өсімінің алдын алу үшін іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы мақсатта өңірлерде жәрмеңкелер де ұйымдастырылып келеді. Қыс уақытында, маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру, ұстап тұру - Үкіметтің, жергілікті биліктің ұдайы назарында. Мемлекет, жергілікті билік және депутаттық корпус бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қаржылық жағдайға байланысты аса алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл мәселе - мемлекеттің бақылауында», - деп сендірді А.Кендебай.