Қаңтар-маусым аралығында ЖІӨ өсімі 6,2%-ға жетті
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың 6 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала деректерге сәйкес, 2025 жылғы қаңтар-маусым аралығында ЖІӨ өсімі 6,2%-ға жетті. Құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында өсу қарқыны артқан.
«Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестицияларды белсенді түрде тарту түрлі салаларда аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Орталық Азия өңіріндегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосқаны атап өтілді. Оны қолдану кең ауқымды цифрландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
Отандық кәсіпорындарды қолдау және өңірлік инвестштабтар: Олжас Бектенов экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді
Үкімет отырысында Премьер-министр экономика өсімінің оң динамикасын сақтау және оны одан әрі тұрақты дамыту үшін бірқатар тапсырмалар берді.
Негізгі капиталға салынатын инвестициялар мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігі атап өтілді.
Осыған байланысты өңірлік инвестициялық штабтардың алаңын белсенді пайдалану міндеті қойылды. Жоғары технологиялық өнім шығару саласында экспортқа бағдарланған жобаларға баса назар аудару тапсырылды. Салалық ведомстволарға өңдеуші өнеркәсіп секторын дамуын қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелді.
«Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыру керек. Мүдделі мемлекеттік органдар өңдеуге арналған шикізатты әкелу мәселелерін жан-жақты пысықтауға тиіс. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет. Осы бағытта халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын неғұрлым белсенді тарту керек», -деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының жолдарды қайта реконструкциялау және өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру 2028 жылға қарай жүк тасымалын екі есеге арттырады
Үкіметте еліміздің 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылау кезінде ондағы транзиттік-көлік саласының зор үлесі аталып өтті.
«Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай резервтер бар. Осы ретте көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдетуді тапсырамын.
Оның ішінде алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс.
Бұл шаралар 2028 жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайту қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысы кезінде.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы әртараптандыру арқылы $450 млрд-қа дейін қол жеткізуге қатысты берген тапсырмасы аясында журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
«Тапсырма барынша биік, бірақ қол жеткізуге болады. Өткен жылы Қазақстанда ЖІӨ көлемі $286 млрд-ты құрады. Биыл экономикалық өсу көрсеткіштерін ескеріп, $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы жылдары қарқынды экономикалық өсуді қамтамасыз ету арқылы $450 млрд-қа қол жеткізе аламыз. Ол үшін еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша көлемді бағдарлама іске қосылды, ол экономикаға қосымша 8 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Жоспарда – 1,5 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны іске қосу. Егер біз осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, онда алға қойған мақсаттарға жете аламыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет экономиканың өсуін ынталандыру үшін бірқатар бағытты белгіледі. Бұл мұнай өңдеу, металлургияны жаңғырту, ТКШ инфрақұрылымын ауқымды жаңарту, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және минералдық-шикізат базасын, оның ішінде сирек кездесетін металдарды ұлғайту.
Сондай-ақ жаңа салаларды дамытуда үлкен әлеует бар, олардың қатарында мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау, теміржол машина жасау, тыңайтқыштар өндіру бар. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-де жаңа жобалар енгізіледі.
Өсудің негізгі нүктелерін дамыту ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды жүзеге асыруға көңіл бөлініп, қажетті өнеркәсіптік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, осы жылдан бастап «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша басым секторларды қаржыландыру айтарлықтай ұлғаюда.
2029 жылға дейін жаңа өндірістерді іске қосумен 17 ірі жобаны жүзеге асыру басталды.
Олардың ішінде химия өнеркәсібіндегі автомобильдер, бутадиен, аммиак және карбамид өндіретін зауыттар, металлургиялық кластер, мыс балқыту зауыты, сондай-ақ Шымкент МӨЗ өндірістік қуаттарын кеңейту бар.