Экономика

Қаңтар айында Ұлттық қордан қанша валюта сатылғаны белгілі болды

Қаңтар айында Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл  республикалық бюджетке трансферттер бөлуге, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Қаңтар айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 518,2 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 254 млн АҚШ долларынан 227 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.

«Ұлттық Банк Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге ақпанда Ұлттық қордан 550 млн АҚШ долларынан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді. Ұлттық Банк қаңтарда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Ақпанда БЖЗҚ-ға валюта сатып алу жоспарланбайды», - делінген хабарламада.