Ақтөбе әуежайында көлік-логистика хабы салынады
Еліміздің транзит әлеуетін арттыру үшін Ақтөбеде жаңа көлік-логистика хабы ашылады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін Анкара қаласына іссапар барысында S Sistem түрік логистикалық компаниясымен кездесу өтті. Кездесуде біздің логистикалық және транзиттік әлеуетімізді талқыладық. Бұл бағыт бойынша «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы «Қазпошта» S Sistem компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруда. Бұл бірлескен кәсіпорын Ақтөбе әуежайында логистикалық хаб салатын болады», — деді Нұрлан Жақыпов.
Оның сөзінше, жоба келесі жылдың соңына дейін іске қосылады.
«Бұл жоба бір жағынан біздің транзиттік әлеуетімізді арттырады, сондай-ақ қазақ-түрік қарым-қатынасын нығайтады», — деді ол.