«Kaspi Gold» арқылы есептескен кәсіпкерлер чек беруге міндеттеледі
Департамент директорының айтуынша, Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында мобильді аударымды тіркеу жүйесі қарастырылып жатыр.
-->«Парламентте депутаттар заң жобасын әзірледі. Соның ішінде мобильді аударымдар туралы өзгерістер көзделген. Бәріміз пандемия кезінде «p2p» аударымдары кең қолданысқа енгізілгенін көрдік. Өзіңіз де байқағандай, шаштараз бен дүкендерге барсаңыз, салық төлеушілерге, яғни бизнестегі азаматтарға мобильді аударым жасайсыз. Соның бәрі салық заңнамасына қайшы келеді. Себебі, бұндай төлем кезінде түбіртек ұрылмайды. Негізінде аударымдар «person-to-person» – жеке тұлғаға арналған, бизнеске қатысы жоқ қосымша болып жасалған. Оны бүгінгі таңда бизнес субъектілеріміз қолданады. Ол аударым кезінде декларация, түбіртек берілмейді. Ешкім салық төлемейді. Көлеңкелі экономика күшейеді», - дейді Әлия Жетібаева.
Департамент директорының айтуынша, Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында мобильді аударымды тіркеу жүйесі қарастырылып жатыр.
«Яғни ол аударымға бизнес өкілі түбіртек беруі керек болады. Бұл жерде жеке тұлға жеке тұлғаға ақшасын бұрынғыдай аудара беретінін атап өтуіміз керек. Жеке тұлға бизнес тұлғаға аударса, түбіртек беруі тиіс. Бұл фискализация жаңа салық салынады дегенді білдірмейді. Сіз өзіңіздің салық режимінде қаласыз. Дегенмен өткізілген аударымға чек беріп, декларация көрсетуіңіз керек болады. Біздің банктер мемлекеттік кірістер комитетіне тіркеуде тұрған банк шоттарын (бизнес субъектілердің) бізге береді. Барлық жеке тұлға тексеріледі деген сөз жоқ», - дейді шенеунік.