Тыйым салатын белгілер болмаған - министрлік Көлсайда шомылған Дуровқа қатысты мәлімдеме жасады
БАҚ пен әлеуметтік желілерде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде шомылып жүрген сәті түсірілген бейнежазба жарияланды. Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомстваға сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, бұл әрекетте құқық бұзушылық белгілері жоқ, кездейсоқ орын алған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпеген.
Аталмыш оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелері туралы туристерді жүйелі түрде хабардар етудің маңыздылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға, сондай-ақ елдің эко және жауапты туризм бағытындағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар Павел Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысы бар жеке парақшасында жарияланған бейнематериал имидждік сипатқа ие, Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш етті. Мұндай ақпараттық қамту елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес», - делінген хабарламада.