Тоқаев Қытай үкіметіне 1500 киік сыйлады: олар қалай жеткізіледі?
Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еске сала кетейік, жуырда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1500 киік сыйлады. Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл шешім үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді. Себебі Қытай киік популяциясын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, бүгінде киіктерді жеткізу мәселесі талқыланып жатыр.
«Оның тәсілдері көп. Әдетте ірі, жабайы аңдарды арнайы контейнерлерге салып көшіреді. Ал киік ұсақ жануар болғандықтан, біздің ғалымдар қазіргі таңда жеткізу тәсілін талқылап жатыр. Әрине, оны айдап алып кете алмаймыз. Оны қалай болғанда да көлікпен алып барамыз. Бірақ олардың көлікпен жеткенше денсаулығы қалай болады деген сұрақты қарастырып жатырмыз. Бұл жабайы жануар болғандықтан, адамдардан қатты үркейді»,- деді министр Ерлан Нысанбаев.