Экология

Өткен жылғы су тасқыны теңіздің деңгейін көтеруге қаншалықты үлес қосты – Болат Бекнияз

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің тақырыптық отырысында айтты. Онда Каспий теңізін қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мәселелері талқыланған болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Вице-министр көптің көкейіндегі «өткен жылғы су тасқыны Каспий теңізін толықтыруға өз үлесін қосты ма?» деген сауалына да жауап берді.

«Өткен жылы тасқын кезінде Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне 17 текше км су құйылды. Бірақ бұл су көлемі Каспий теңізінің тайыздану жағдайын еш шеше алмайды. Оның үстіне соңғы 5 жылда Жайық өзенінің ағынының азаюы үрдісі байқалады. Атап өткендей, теңіз деңгейін тұрақтандыру үшін жылына 279 текше км судың тұрақты қоры қажет. Оның негізгі бөлігін Еділ өзені қамтамасыз ете алады. Егер барлық Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп, күш-жігер жасалмаса, 2030 жылдарға қарай теңіз деңгейі ғылыми болжам бойынша -29-30-ға дейін жетуі мүмкін», - деді Болат Бекнияз.

Бұл ретте ол Еділ өзені трансшекалық өзен болмағандықтан, Қазақстан-Ресей комиссиясы шеңберінде қарастырылмағанын да айтты. Осыған байланысты министрлік жоспарлау жұмысын жүргізіп жатыр екен.