Тазару күні: Елордалық тұрғындар экологиялық акцияны қолдады
Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында елімізде Тазару күні өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл күн табиғаттың тазалығы мен қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне арналған.
Тазару күні – Наурызнама мерекелерінің онкүндігі аясындағы соңғы шара және мемлекеттік экологиялық бағдарламаларды қолдауға, сондай-ақ азаматтар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған.
«Сарайшық» ауданындағы Compass North тұрғын үй кешенінің тұрғындары экологиялық акцияны қолдап, сенбілікке шықты. Олар аулаларын қардан тазартып, қоқысты жинады.
«Тазару күніне орай көршілерге үндеу жасадым. Тұрғындардың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің арқасында барлығы бірігіп, сенбілікке шықты. Біздің негізгі ұранымыз – «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық». Біз бір-бірімізді тазалық сақтауға, сыйлауға шақырып отырамыз», - дейді Compass North МИБ төрайымы Мөлдір Култанбаева.
Осы үйдің тұрғыны Артур Мағзұмовтың ойынша, Наурызнама он күнмен ғана шектелмеуі керек.
«Наурызнаманы әркім өзінен бастауы керек. Әрбір тұрғын өзінің ауласына, айналасына тазалық жұмыстарын жүргізуі қажет. Экологиялық акцияға қосқан үлесіміз ретінде төрайымның үндеуін қолдап, атсалысып жатқан жағдайымыз бар. Бұл біздің қаламыздың экологиялық ахуалын жақсартуға үлкен үлес қосады», - дейді Артур Мағзұмов.
«Бүгін – Наурызнама онкүндігінің соңғы күні. Тазару күнінде көршілер бірігіп, өзіміз тұратын тұрғын үй алаңын тазартып жатырмыз.
Ауызбіршілік танытқан көршілерге көп рақмет!
Наурыз мейрамы құтты болсын!» - деді елордалық тұрғын Ерсін Кайбуллин.