Түркістан облысында полигондардың 70%-ы экологиялық талапқа сай емес
Түркістан облысында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы экологиялық, санитарлық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыс көлеміндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау полигондарының экологиялық талаптарға сәйкес жұмыс жүргізу бөлігіне талдау жүргізді.
Талдау барысында, полигондардың 70 пайызы санитариялық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Мәселен, облыс аумағындағы 135 полигон инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген (жарық, қоршау, арнайы құрылғылармен қаржыландыруға байланысты жабдықталмаған), 81-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз (жан-жақты қарау және тиісті әкімшілік жауаптылыққа тарту бойынша материалдар сотқа жолданған), 11-і экологиялық рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеуде.
Бұл ретте, орын алған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан қадағалау актісі енгізіліп (Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментіне), тиісті басшыларына 9 млн теңгеден астам айыппұл салынды және 11 полигонның қызметі экологиялық рұқсат алғанша тоқтатылды. Қазіргі таңда рұқсат етілмеген полигондарды тазарту және санитариялық, экологиялық заңнамалардың талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.