Каспий жағалауынан жүздеген итбалықтың өлексесі табылды
Каспий теңізінің жағалауындағы рейд барысында өлген итбалықтардың 117 өлексесі табылды, деп хабарлады Elordainfo.kz АШМ Балық шаруашылығы комитетіне сілтеме жасап.
Ведомство хабарлауынша, Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясы 2025 жылдың 20-21 мамыр аралығында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында рейдтік іс-шаралар жүргізген. Іс-шара барысында Каспий теңізі жағалауынан қосымша 117 дана қатты ыдыраған итбалық өлекселер табылған.
«Өлекселердің ыдырауына қарағанда, табылған итбалықтар былтыр қараша-желтоқсан айларында өлген. Бекітілген іс-шара алгоритмі бойынша барлық құзырлы мемлекеттік органға хабарланды. Бұрын мониторинг жүргізілмеген жерлерден табылған итбалықтар қатты ыдырағандықтан, қандай да бір сынамалар алу мүмкін болмады», - делінген хабарламада.
Тиісті органдар қызметкерлері итбалықтардың өлекселерін жинап, жойды. Қазіргі таңда Инспекция жағалауда мониторинг жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге былтыр қараша айынан жиналып, жойылған итбалықтар саны 2194 данаға жетті.