Каспий теңізінде түлендер жаппай қырылып жатыр
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Форт-Шевченко маңында Каспий жағалауынан 50-ден астам түленнің өлі денесін тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады.
«Жағалаудың бір ғана шақырымында 50-ден астам түленнің денесі жатты. Екі күн бұрын ғана 160-тан аса өлексені утилизациялаған», – деп жазды Сәрсенбаев.
20-21 мамыр күндері Форт-Шевченко маңынан 117 шіріген түленнің денесі табылып, олардың қараша-желтоқсан айларында қырылуы мүмкін екені болжанған.
Жиналған өлекселер 5 шақырымдық аумақтағы жағалаудан алынып, санитарлық талапқа сай утилизацияланған. Сынамалар алу мүмкін болмаған – себебі денелердің шіру деңгейі жоғары болған.