Күзгі-қысқы аңшылық маусымы басталады: нені есте ұстау қажет
Солтүстік Қазақстан облысында күзгі-қысқы аңшылық маусымы 30 тамызда ресми түрде ашылады, деп хабарлады Elordainfo.kz СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.
Аңшылық – жай ғана хобби емес, үлкен жауапкершілік пен заңға бағынуды талап ететін әрекет. Бірақ бұл іспен айналысу үшін арнайы құжаттар мен рұқсаттар қажет.
СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, әуесқойлық (спорттық) аң аулауға аңшыда мынадай құжаттар болуы керек:
-Аңшы куәлігі;
-Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттар;
-Аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары;
-Аңшылық атыс қаруын қолдана отырып аң аулау кезінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарының аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына рұқсаты талап етіледі;
-Аң аулайтын жыртқыш құстармен аң аулау кезінде оларды тіркеу туралы белгіленген тәртіппен берілген құжаттардың болуы қажет.
Бекітілген аңшылық алқаптарда аң аулауға келесі бекітілген мерзімде рұқсат етіледі:
Қарсақ, түлкі, қояндар – 1 қарашадан 15 ақпанға дейін;
Қаз, үйрек, қасқалдақ – тамыздың соңғы сенбісінен (30 тамыз) 30 қарашаға дейін;
Кекілік – 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін;
Қарақұйрық – 15 қыркүйектен 30 қарашаға дейін;
Борсық – 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін;
Қабан – қыркүйектің бірінші сенбісінен 31 желтоқсанға дейін;
Елік, марал, бұғы еркектері – 15 шілдеден бастап, жас, ұрғашылары – 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін:
Мамандардың айтуынша, аң аулау барысында тек рұқсаттамада көрсетілген жануарларды ғана атуға болады және саны да шектеледі.
Тұяқты жануарларды аулау тек орманшы немесе мемлекеттік инспектордың қатысуымен ғана жүргізілуі тиіс.
Аңшы әр аңшылық күні аяқталған соң немесе орнын ауыстырғанда арнайы белгі қоюы керек. Тұяқтылар бойынша бұл белгі жануарды атып алғаннан кейін бірден қойылады.