Экология

Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында 400-ден астам іс-шара өткізілді

2025 жылдың басынан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 405 іс-шара өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Атап айтқанда: «Таза қала», «Таза аймақ», «Таза жағалау», «Қалаға ағаш», «Мөлдір бұлақ», Халықаралық құстар күні, «Жер сағаты» және басқа да акциялар ұйымдастырылды.

Негізгі нәтижелер:

  • 121 мың тоннадан астам қалдық жиналды;
  • 584 мың гектарға жуық аумақ тазартылды;
  • 1,7 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылды;

Іс-шараларға 1,4 миллионға жуық адам қатысты, оның ішінде 82 мың ерікті бар.

«ЖОО мен мектептерде экосағаттар аясында экология департаменттерінің зертханаларына экскурсиялар мен дәрістер өткізілді. 5 мыңнан астам студент экологиялық мониторинг құралдарымен танысты.

Су айдындарын тазарту кезінде 342 балық аулау торы жиналды, 21 бұлақ қалпына келтірілді, мектеп оқушылары 1 982 ұя (құс үйшігі) орнатты», - делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.

21-23 сәуір аралығында Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Көрме алаңында келесідей жобалар таныстырылды:

- Қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жобалары;

- Ірі өнеркәсіптік компаниялардың бастамалары (ERG, ТШО, КПО, Қазақмыс);

- Халықаралық жасыл технологиялар орталығының қолдауымен экостартаптар;

- Мектеп оқушыларының экологиялық жобалары.

Көрмені 1 500-ден астам адам, соның ішінде елорда ЖОО-лары мен колледждерінің студенттері тамашалады.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында халықпен кері байланыс орнату мақсатында Telegram-да чат-бот жұмыс істеп тұр. Бұл чат-бот арқылы әрбір азамат ластанған аумақтың фотосын және геолокациясын жолдай алады. Өтінімдер автоматты түрде тиісті органдарға жіберіліп, жедел түрде қарастырылады.

Чат-бот іске қосылғаннан бері жүйеге 18 322 өтінім келіп түсті, оның 16 907-сі орындалды. Чат-ботты ең белсенді қолданатындар – Алматы мен Астана қалаларының, сондай-ақ Түркістан облысының тұрғындары.