Экология

Қаражанбас және Қаламқас кен орны маңында итбалықтар қалай құрлыққа шығып кетті

ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің Қаражанбас және Қаламқас кен орындарының жанында итбалықтардың құрлыққа шығуына қатысты БАҚ және әлеуметтік желідегі жарияланымдарға қатысты мән-жайды түсіндірген хабарлама таратты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айының аяғы мен наурыз айының басында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ауа мен су температурасының күрт төмендеуі тіркелген.

Сонымен қатар, осы кезеңде батыс бағыттағы желдер жағаға қарай басым болып, бұл мұз қалдықтарының сынықтарының ығысуына және олардың бір-біріне тығыз тақалуына ықпал етіп, итбалықтардың суға сүңгуіне мүмкіндік бермеген. Осылайша, жануарлардың ересектері тамақтану мүмкіндігінен айырылыпты.

«Өз кезегінде, жел мен су ағынының әсерінен мұздар, оларда орналасқан жас дарақтармен бірге жағалауға қарай ығыстырылды. Азық-түлік іздеген итбалықтар Қаражанбас және Қаламқас кен орындары жанындағы жағалауға шығып кетті, себебі күрделі ауа-райы жағдайында олар сол жердегі бағдарды жоғалтып алды.

Осыған байланысты, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілімен бірлесіп осы өңірге барды. Айта кету керек, ауа-райының қолайсыздығы (қар, күшті жел, боран) ол жерге баруды қиындатты. Ол жерге келгеннен кейін жағдайды бағалау жүзеге асырылады және адасқан итбалықтарды табиғи ортаға қайтару бойынша шаралар қабылданады.

Бұдан басқа, алдағы күндері жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп әуе көлігін пайдалана отырып, өңірді айналып өту белгіленді» - делінген хабарламада. 

Жағдай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді ведомствосының бақылауына алынды.