Денсаулық

Туберкулезді түбегейлі жою: індетке қарсы күресті жеделдету жөнінде аймақтық қарар қабылданды

Алматыда «Туберкулезсіз Орталық Азия: ұлттық жетістіктерден өңірлік көшбасшылыққа» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы туберкулез бойынша өңірлік парламент саммиті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің парламентшілері, денсаулық сақтау саласының басшылары және ДДСҰ, Stop TB Серіктестігі және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары БҰҰ-ның туберкулезге қарсы Саяси Декларациясын (2023 ж.) жүзеге асыру барысын, туберкулезбен күрестегі азаматтық қоғамның рөлін және инновацияларды талқылады.

Форум нәтижесінде 2026-2028 жылдарға дейін туберкулезге қарсы күресті жеделдету жөніндегі аймақтық қарар қабылданды.

«Қабылданған қарар денсаулықты қорғау, жүйелерді нығайту және адам өмірін сақтап қалатын инновацияларға инвестиция салу бойынша біздің ортақ жауапкершілігімізді көрсетеді. Біз күш біріктіре отырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің туберкулезді жоюда көшбасшыға айналуын қамтамасыз ете аламыз», - деді форумның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің сөзінше, 2024 жылы Қазақстанда туберкулезбен ауыру 4 пайызға, ал өлім-жітім 16,6 пайызға төмендеді.

«Тұңғыш рет елімізде туберкулезден бала өлімі тіркелмеді. Бұған ең соңғы диагностикалық әдістер мен ішетін дәрімен емдеу тәртібін енгізудің арқасында қол жеткіздік», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан БҰҰ-ның туберкулездің таралуы мен өлім-жітімін азайту жөніндегі мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Саммитке қатысушылар аймақтағы табысты тәжірибені кең таратуға және 2030 жылға қарай бұл ауруды түбегейлі жоюды жеделдету үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

«Саяси ерік – туберкулезбен күрестің ең күшті құралы. Біз аймақтағы әрбір тұрғынға дер кезінде диагностикадан өту мен емделуіне жағдай жасауымыз керек. Туберкулезді жою – азаматтарымыз алдындағы ортақ парызымыз және 2030 жылға қарай осы мақсатқа қол жеткізуіміз керек», - деді Global TB Caucus (Глобал ТБ Кокус) ұйымы төрағасының орынбасары Гүлдара Нұрымова.

Қатысушылар ерте диагностиканы кеңейтудің, инновацияларға қол жеткізудің, науқастарды әлеуметтік қолдауды күшейтудің ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ Тәжікстанда өткен саммиттің ұсынымдарын жүзеге асыру, туберкулезбен күреске сырттан бөлінетін қаржының азаюына байланысты ұлттық бюджетті жоспарлау, 2026 жылға дайындық және осыған байланысты сын-қатерлерді, соның ішінде АИТВ мен темекі тартуды азайту үшін сектораралық ынтымақтастықты күшейту де басты назарда болды.