Сіз дұрыс тамақтанып жүрсіз бе
Дұрыс тамақтану адам денсаулығының басты кепілі екені баршаға аян. Ал дұрыс тамақтану дегеніміз не? Бұл күнделікті ішіп-жейтін тағамның құнарлылығын қадағалау. Elordainfo.kz тілшісі нутрициолог маман Мария Усеновамен әңгімелесіп, денсаулықты күту жолдары мен дұрыс тамақтану туралы сұрап білді.
Бүгінгі таңда кофеге сұраныс артпаса, азайған емес. Керісінше уақыт өткен сайын бұл сусынның жаңа түрлері шығып жатыр. Көпшілік ұйқы ашуға көмегін тигізеді деп сенген кофені күніне қанша мөлшерде ішу керек? Бұл сауалды маманға қойған едік.
«Ересектерге күніне 400 мг кофеин тұтынуға болады. Бұл шамамен 4-5 шыны аяқ кофе болса, кей кофеханаларда бір шыны аяқ кофеде 4 кеселік кофеин мөлшері болатынын естен шығармаңыз. Жүкті және бала емізетін әйелдер кофені мейлінше аз ішкен жөн және күнделікті 200 мг кофеиннен асырмауы керек. Кофе кальцийдің ағзадан шығарылуына әсер етеді, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл сусынды балаларға ішуге болмайтынын ескертті», - деді Мария Усенова.
Соңғы уақытта көпшілік арасында балдыркөктен жасалған смузидің денсаулыққа пайдалы екені жиі айтылып жатыр. Бірақ оның пайдасымен қоса, зияны да бар.
«Әлеуметтік желіде танымал блогерлер балдыркөк сусынын ішкеннен кейін өзін жақсы сезіне бастағанын жарнамалап жүр. Ал бұл бәріне пайдалы ма? Аталған сусынның қандай пайдасы бар? Балдыркөктің құрамында дәрумендер көп, алайда аш қарынға ішуге кеңес бере алмаймыз», - деді нутрициолог.
Әңгіме барысында маман балдыркөк сусынын барлық адамға не себепті ішуге болмайтынын түсіндірді.
«Біріншіден, аш қарынға ішсеңіз, ешқандай күш бермейді. Сондықтан аз уақыттан кейін қарныңыз ашады. Өзге біреулердің айтқанына еріп ішетін болсаңыз, оның жағымсыз салдарына дайын болыңыз. Сондай-ақ жүрегіңіз айнитын болса, оны ішуді доғару керек. Себебі сіз әр тағамнан ләззат алуыңыз керек. Бұл біздің энергиямыз екенін естен шығармаған жөн. Тағы бір ескеретін мәселе, дәрі-дәрмекті балдыркөк сусынымен бірге ішуге болмайды», - деді ол.
Бұған қоса маман глютен, сүт өнімдері және қантқа қатысты пікір білдірді.
«Егер сіз нан немесе дәнді-дақылдардан кейін өзіңізді жайсыз сезінетін болсаңыз, онда дәрігерге көрінген жөн. Ал бәріне бірдей бұл өнімдерден негізсіз бас тарту зиян, өйткені олар ағзаға аса қажетті қоректі заттардың көзі болып табылады. Сүт өнімдері - кальций мен ақуызға бай. Сиыр сүті ақуызына аллергия болмаса, онда аталған өнімдерді күнделікті тамақ рационына қосу өте маңызды. Қантты тұтынуға келетін болсақ, оның үлесі тәуліктік калория мөлшерінің 10%-нан аспауы абзал. Мұнда шай немесе кофеге қосылатын шекермен қатар, өзге сусындар, кондитерлік өнімдер, басқа тағамдар құрамындағы «жасырын» қантты да ескеру қажет. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қантты тамақ рационынан мүлдем алып тастауға кеңес бермейді. Себебі ағзаның толыққанды жұмыс істеуі үшін қанттың белгілі бір мөлшері қажет әрі тәтті тағамдар адамға ләззат сыйлайды. Біреулер үшін балмұздақ, енді біреулер үшін шоколад тәтті болып саналады», - деді ол.
Маманның айтуынша, тамақ ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың негізгі көзі болуы тиіс.
«Дәрумендерді шамадан көп тұтыну денсаулыққа зиян. Мәселен, кейбір адамдар өзін жайсыз сезінгенде, шашы түскенде, тырнақтары сынғыш болып кетсе, бірден дәрумендер іше бастайды. Неғұрлым көбірек дәрумен ішсем, соғұрлым өзімді жақсы сезінемін деп ойлайды. Шын мәнінде, мультидәрумендер құрамында денсаулыққа қауіпті заттар болуы мүмкін, себебі олардың барлығы дәрі-дәрмек іспетті қатаң тексеруден өтпейді. Сондықтан алдымен дәрігермен кеңесіңіз», - деді ол.
Мария Усенованың айтуынша, сыртқы қорабында эко, био, органик сияқты жазуы бар өнімдер 100% пайдалы әрі құнарлы дегенді білдірмейді.
«Мұндай тағамдар баламаларынан бірнеше есе қымбат тұрады. Егер мұндай азық-түліктерді сатып алуға қалтаңыз көтерсе, қалауыңыз білсін», - деді нутрициолог.
Сөз соңында маман дұрыс тамақтану бойынша пайдалы кеңестерін айтты.
«Өміріңізге енгізетін жаңа нәрселерді дүйсенбіден бастау - қателік. Мәселен, әдетте ішіп, жеп жүрген тағамдарынан бас тартып, тек жемістер мен көкөністерге көшу дұрыс емес. Бастысы сіздің тамақ рационыңыз сол қалпында болсын, тек оған аз-аздан қадамдар жасап, жаңашылдық енгізіңіз. Себебі кішкентай қадамдар ұзақмерзімді өзгеріс әкеледі», - деді ол.
Сонымен қоса маман бұрын жемеген тағамдардың дәмін көруге кеңес береді.
«Әртүрлі жемістер мен көкөністердің дәмін татып көріңіз. Олар денсаулыққа оң әсерін береді. Оған қоса, күнделікті физикалық қозғалыс пен ұйқының дұрыс болуын қадағалаңыз», - деп сөзін түйіндеді спикер.