Денсаулық

Санитарлық дәрігер елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Астанада соңғы аптада 6 093 жіті респираторлық вирустық инфекция жағдайы тіркелді. Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева елордадағы ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша қауіп тобына шалдыққандардың үлесі: 14 жасқа дейінгі балалар – 51,3%, бір жасқа дейінгі балалар – 4,2%, жүкті әйелдер – 2,3%. Мектеп оқушылары арасында аурушаңдық көрсеткіші – 17,1%, балабақшаға баратын балалар арасында – 10,1%.

«Жіті респираторлық вирустық инфекция болып саналатын метапневмовирустың әлемде таралуы туралы БАҚ-тағы соңғы ақпаратқа байланысты, бұл вирус туралы аздап түсіндіріп өткен жөн. Адамның метапневмовирусы – көптеген елдерде ондаған жылдар бойы айналымда жүрген классикалық вирустардың бірі. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың маусымдық ұлғаюы кезінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар біздің елімізде де бұл вирустың штамдары анықталды», - деп түсіндірді Шағалтаева.

Метапневмовирустың негізгі белгілері – жөтел, мұрынның ағуы, ентігу, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы. Арнайы симптоматикалық ем қолданылмайды;

Елордалық санитарлық дәрігер жедел респираторлық вирустық инфекцияларды, оның ішінде метапневмовирусты жұқтырудан сақтайтын профилактикалық шаралар туралы еске салды.

Жеке гигиена. Қолыңызды сабынмен жиі және мұқият жуыңыз және антисептиктерді қолданыңыз. Вирустарды жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін бетіңізге, әсіресе көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға қол тигізбеңіз.

Үлкен жиындардан аулақ болуға тырысыңыз, әсіресе эпидемия кезінде. Қоғамдық орындарда, әсіресе жіті респираторлық вирустық инфекция маусымында бетперделерді қолдану бұл ауруды жұқтыру қаупін айтарлықтай азайтады.

Үй-жайларды желдету. Үнемі желдету және дезинфекциялау арқылы тазалау вирустардың концентрациясын азайтуға көмектеседі.

Дұрыс тамақтану. Диетаға, витаминдерге, әсіресе D дәруменіне бай көкөністер мен жемістерді көбірек қосыңыз.

Иммундық жүйені нығайту. Тұрақты жаттығулар мен жеткілікті ұйқы денені қалпына келтіруге және вирустардан қорғануға көмектеседі.