Денсаулық

Салқыннан болатын аллергияның емі бар ма: маман жауап берді

Ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын түскенде кей адамның салқыннан болатын аллергиясы лезде өршиді. Соның салдарынан беті қызарып, домбығып, бөртуі мүмкін. Кез келген суық ауа факторына ағзаның үнемі осылайша әсер етуі адамды қажытатыны анық. Ал мұндай жағдайда не істеу керек? Elordainfo.kz тілшісінің сауалына №15 қалалық емхананың аллерголог-иммунологы Нұрай Жүкенова жауап берді.

-Нұрай Мағзымқызы, алдымен, осы аллергияның сипатын айтып берсеңіз. Неден пайда болады және белгілері қандай?

Есекжем немесе салқыннан болатын аллергия дегеніміз температураның  күрт төмендеуінің әсерінен терінің қышынуы, бөртпе шығуы немесе дененің ісінуімен сипатталатын ауру. Бұл жағдай, әсіресе, суық ауада немесе суға түскенде, жаңбыр басталғанда пайда болады.
Белгілері: тері реакциялары, яғни терінің қызаруы, ісінуі, бөртпенің шығуы. Суық ауаға шыққанда немесе суық сумен байланыста болғанда терінің айналасында сызықтар да пайда болады.  Тері қышып немесе күйдіру сезімі байқалады. Ал респираторлық белгілерілеріне келсек, кейде тыныс алу қиындауы немесе астматикалық симптомдар болуы мүмкін.
Бұл аллергия түріне шалдығатындар жас айырмашылығына жіктелмейді. Есекжем немесе суыққа аллергия кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Мұның кейде есекжем (крапивница) деп аталуы осы жәндік шаққан кездегі дуылдатып қышытатын көпіршіктердің пайда болуы, күйдіру сезіміне ұқсастығына байланысты.

-Ал бұл аллергия түрінің басқалардан ерекшелігі қандай?

Иә, салқыннан болатын аллергияның басқа аллергиялардан бірнеше ерекшелігі бар.
Мәселен, салқыннан болатын аллергияның триггері суық температура, суық су немесе жел сияқты физикалық факторларға байланысты. Ал басқа аллергиялар - көбіне тағам, шаң, жануарлар немесе өсімдіктердің тозаңы сияқты заттарға болатын реакция.
Суыққа аллергия болғанда тітіркену тез арада пайда болады, бірнеше минут ішінде. Ал басқа аллергияларда реакцияның пайда болуы бірнеше сағат немесе тіпті тәулік ішінде болуы мүмкін.
Салқынға шығатын аллергияда тері реакциялары (мысалы, бөртпе, ісіну) жиі байқалса, ал басқа аллергияларда тыныс алу, асқазан-ішек жүйесі немесе жүйке жүйесі сияқты басқа белгілері болады.
Салқыннан болатын аллергияны диагностикалау үшін арнайы тесттер (мысалы, суықтың әсерінен тері реакциясын бақылау) қажет болуы мүмкін, ал басқа аллергиялар үшін аллергиялық сынақтар (скарификация, қан анализі) қолданылады.
Бұл аллергияның механизмі тері мен қантамырларының құрылымына, иммундық жүйенің реакцияларына байланысты бірнеше факторға негізделеді.
Бірінші, қантамырларының жақын орналасуы. Теріге жақын орналасқан қантамырлары суықтан тез тітіркенеді. Суық температура қан тамырларының тарылуына (вазоконстрикция) әкеледі, бұл теріде қан ағымының төмендеуіне және иммундық реакциялардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Екінші, терінің жұқалығы. Егер тері жұқа немесе сезімтал болса, суыққа әсер етуі нәтижесінде бөртпе, ісіну жиі байқалады. Мұндай тері механикалық немесе температуралық өзгерістерге әлсіз жауап береді.
Үшінші, иммунитетке байланысты. Иммундық жүйе суық әсер еткенде ағзаның антиденелер шығаруына себеп болады, бұл аллергиялық белгілердің пайда болуына әкеледі.

-Салқыннан болатын аллергияның емі бар ма? Осы кеселге шалдыққан жан түбегейлі жазылып кете ала ма? Сақтану жолдары қандай?

Мұның емі мен басқару әдістері бар, бірақ емделу әр адамның жағдайына байланысты өзгереді. Алдымен, антигистаминдер аллергиялық реакцияларды бақылауға көмектеседі. Сондықтан да дәрігер тағайындаған препараттарды қабылдау маңызды.
Ал кортикостероидтер қабынуды азайту үшін дәрігердің тағайындауы бойынша қолданылуы мүмкін.
Сақтану жолдарына келсек, суық ауада ұзақ болмау керек, жылы киімдерді киіп, қолғап, бас киім және шарфты тағып жүру керек.
Стресс пен шаршаудан аулақ болған жөн, себебі бұл аллергиялық реакцияларды күшейтуі мүмкін.
Ал салқыннан болатын аллергия тамақтанумен байланысты емес.
Бір өкініштісі, кейбір адамдарда мұндай аллергия өмір бойы сақталуы мүмкін, ал кейбіреулерде уақыт өте келе жеңілдеуі мүмкін. Тиісті маманға жүгіну мен профилактика арқылы аллергияның симптомдарын бақылап, қалыпты өмір сүруге әбден болады.

-Сұхбатыңызға рахмет!