Денсаулық

Ауырып тұрған адам сол күнгі дәрігер қабылдауына жазыла алмайды – Аймағамбетов

Бұл туралы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов журналист Әйгерім Есенәлінің «Шынайы» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол МӘМС-ке ай сайын жарна төлейтін азамат ауырып қалған жағдайда дәл сол күні қалаған медициналық қызметті ала алмайтынын айтты. Ал бұл балаларының аузынан жырып жарна төлеп жатқан бұқараның түсініспеушілігін тудырады.

«Мысалы, ай сайын жарнасын төлеп отырған адам бүгін ауырып тұрса, дәл сол күні дәрігер қабылдауына жазыла алмайды. Келесі апта, арғы ай, тіпті 3 айдан кейін кезегі келуі мүмкін. Бірақ ол уақытқа дейін адам ауруынан жазылып та кетеді. Оған бүгін МРТ, УЗИ-ге түсу мүмкін емес екені айтылады. Ал ол «ақша төлесем бола ма?» десе, «3 минуттан кейін болады» дейді. Сонда азаматтарда сұрақ пайда болады. Олар «Сонда біз МӘМС-ке не үшін төлеп жатырмыз?» дейді. Ал бұл - дәрігерлердің не аурухана басшыларының проблемасы емес, бұл - министрлік деңгейіндегі мәселе. Қазір осы бағыттағы ашықтықтың болуы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, басқа да мәселелер бойынша жұмыстар басталып кетті. Біз, депутаттар заң жобасына тағы бір түзету бердік. Мәселен, егер сіз МӘМС-ке ақша төлеп жатсаңыз, соның бір бөлігі өзіңізге жинақтайтын есеп-шотқа түсіп жатса, сонда жинақталған қосымша 15-25 пайызды бір жылдан соң қолдана алсаңыз, бұл да азаматтардың МӘМС-ке жарна төлеуіне ынталандыру болады емес пе?», - деді Асхат Аймағамбетов.